Елордада «ЖасStar» студенттік КВН лигасының фестивалі өтті. Ауқымды шараға 11 колледж мен білім ұяларынан талапты өрендер қатысты.
Жастар сарайы адамға лық толы. Көкөрімдер түрлі сайыста бақ сынап, фестивалдің көрігін қыздырды. Бірі - төл спорт түрінен ең мықтыны анықтаса, енді бірі - дрон цокер сынды заманауи турнирде сынға түсті. Осылайша, 20 жыл бұрын жалауы желбіреген Жастар КВН Лигасына 11 колледж бен білім ұяларынан талапты өрендер жиылды.
Әділ Орынбасарұлы, Жастар сарайы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі іс-шара Астана қаласы Әкімдігі мен Астана қаласы Прокуратурасының ұйымдастырумен өтіп жатыр. Негізгі мақсаты Мемлекет басшысы бекіткен «Заң және тәртіп», «Адал азамат» бағдарламалары аясында өтіп жатыр. Жалпы бұл Жастар ойындары КВН форматында өтеді. Қазіргі таңдағы жастарды әзіл арқылы заңға, тәртіпке бағынуға, сол үлкен құндылықтарды тиісті деңгейде сақтауға бағытталып отыр.
Балаби Қуаныш, Астана қаласы Прокуратурасының қоғамдық бөлімдерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
- Біздің мақсат жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру. Құқықтық мәдениетті арттыру және жауапкершілікті нығайту.Осындай жобалар арқылы біз заңды құрметтейтін саналы ұрпақ өсіруге үлес қосамыз.
Іс- шара Президент бастамашы болған «Адал азамат – біртұтас ұлт» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдай отырып, оларды қоғамның адал әрі белсенді мүшесі болуға шақырады.
Талғар Алдабергенов, мектеп оқушысы:
- Біз дрон цокер ойнаймыз. Бұл дронның куполы бар. Пропилері бар. Бірінші джостикке қосасыз, мынадай пауербэнг кигізесіз. Міне осылай, үстіне - астына. Мұнымен сальто істеуге болады.
Көңілді тапқырлар алаңында орынды қалжыңға кезек берілді. Сахна төріне шыққан өнерлі өрендер бүгінгі жас буынды толғандырған мәселелерді әдемі әзіл арқылы жеткізді.
Арсен Әскербаев, колледж студенті:
- Команданың аты - Парламент. Ол біздің колледжден шыққан. Бұрын КВН-ға қатысқанбыз, өз арамызда. Мұндай фестивальге бірінші рет қатысып тұрмын. Қобалжу бар.
Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, озық технологияның тілін меңгеруге баулитын іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Авторы: Назерке Тоқжан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #жастарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz