Ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық үлес көңіл көншітпей тұр.
Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында депутаттар мен «Атамекен» палатасының өкілдері ірі жер қойнауын пайдаланушылармен осы мәселені талқылады. Бұл қатарда Тенгизшевройл, NCOC (North Caspian Operating Company) және Karachaganak Petroleum Operating компаниялары бар.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырыс залында ине шаншар жер жоқ. Себебі мұнда депутаттар, елдегі ірі бизнес өкілдері мен жер қойнауын пайдаланушы алпауыттар саладағы қордалы мәселелерді талқылауға жиналған. Басты назарда мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлесті арттыру.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты:
- Еңбек қауіпсіздігіне арналған тауарлар, жұмыстар мен қызметтерде қазақстандық үлес 30 пайыз ғана. Бұл көрсеткішті көтеру үшін не істеу керек? Неге ол мұнша төмен деңгейде?
Билли Лакоби, «Тенгизшевройл» ЖШС бас директоры:
- Біз үнемі қазақстандық үлесті арттырудың мүмкіндіктерін іздейміз. Тауарларды жергілікті компаниялардан сатып алуға тырысып жүрміз. Және осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев болса, жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілерді қолдайтыны туралы үнемі айтып жүргенімен, ел компаниялары ірі тендерлерден шеттетіліп келе жатқанын мәлімдеді. Ол құны 2 млрд доллар тұратын техникалық қызмет көрсету бойынша жарияланған лотты мысал келтірді. Оның сөзінше, бағаны бұлай көтеру шекті талаптарды жоғарылатып, қазақстандық кәсіпкерлердің жолын жабады. Абырой болғанда ішкі тексерістен кейін бұл тендер тоқтатылған. Сондай ақ, Қанат Шарлапаев Тенгизшевройлдың сатып алу тәртібін сынға алды.
Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП президиумы төрағасы:
- Осындай тендерлерде қазақстандық өнім берушілер қалай қатысады? Біз жыл сайын жарияланатын сатып алу жоспарын көріп жүрміз. Алайда олардың қашан басталатыны белгісіз. Бірақ жобаның аяқталу мерзімдері белгіленген. Бұл да өнім берушілердің қолын байлап отыр. Осыған мән беру керек. Бұл жерден кәсіпкерлерге кедергі келтіретін үш фактор бар. Біріншісі, олар қай уақытқа дайындалу керегін білмейді. Жоспар құра алмайды. Сонымен қатар тендерге қатысу үшін компаниялардың консорциум құруына мүмкіндік бермейді.
Депутаттар ірі жер қойнауын пайдаланушы компания басшыларынан қазақстандық үлесті арттыру бойынша нақты міндеттемелер алып, есебін ашық жариялауды талап етті.
Билли Лакоби, «Тенгизшевройл» ЖШС бас директоры:
- ТШО жұмыс барысында экологиялық стандарттарды, бекітілген шектеулерді, рұқсат шарттарын, заңдар мен нормативтік актілерді, сондай-ақ өнімді бөлу туралы келісімдерді қатаң сақтайды. Егер бұл қатарға есеп бойынша жаңа талаптар қосылса, әрине, біз оны да орындауға дайынбыз.
Никола Аллегро, Karachaganak Petroleum Operating бас директорының қызметін атқарушы:
- Karachaganak Petroleum Operating үшін барлығы өнімді бөлу туралы келісім арқылы реттеледі. Бұл жағдайда біз де осы ұстанымды қолдаймыз. Ақпаратты ашып көрсету үшін келісім керек.
Джанкарло Рую, North Caspian Operating Company басқарушы директоры:
- Біздің позициямыз да осындай. Барлығы өнімді бөлу туралы келісімде жазылған. Құзіретті органдармен және Энергетика министрлігімен бірлесе басқарылады.
Енді депутаттардың назары Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровқа ауды. Олар компаниялардың қазақстандық үлес бойынша жауапкершілігі қандай екенін сұрады.
Ажар Сагындыкова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстандық үлес мөлшерін орындамаған кәсіпорындар қандай жауапкершілікке тартылады? Жазаланғандар бар ма? Әлде құр сөз бе?
Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Жауапкершілік барлық тарапқа ортақ. Ол министрлік тарапынан бақыланады. Қазіргі таңда қазақстандық үлесті арттыру бойынша бес жылдық бағдарлама бар. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Міндет орындалмаған жағдайда үш ірі жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарында жаза қарастырылмаған. Типтік келісімшарттарда міндеттемелер бар. Онда тауар, жұмыс, қызмет бойынша нақты сандар бекітілген.
Депутаттар мұнай-газ компаниялары елімізде ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатса да, маңызды қызметтерді шетелдік мамандар иемденіп отырғанын тілге тиек етті. Олардың сөзінше, бұл кадрлардың орнын қазақстандық азаматтармен алмастыратын уақыт келді.
Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менде шетелден келген мамандарға басымдық берілетіні туралы ақпарат бар. Онда жергілікті кадрларды дайындаудың не керегі бар? Біз тауарлар, қызметтер туралы ғана емес, ұлттық кадрлармен қамтудың маңызын айтып отырмыз ғой.
ТШО компаниясының дерегінше, кейінгі алты жылда қазақстандықтар 670 басқарушы және техникалық позицияларға орналасқан. Алайда депутаттар алпауыт компания үшін бұл өте төмен көрсеткіш екенін мәлімдеді. Талқы соңы таласқа ұласып, отырыс бірнеше сағатқа созылды. Депутаттар ұсыныспен шектелетін заман өткенін ашына жеткізді. Енді жер қойнауын пайдаланушылар құр есеппен құтылмауы керек. Олардың нақты міндеттер алып, талаптарды орындайтын кезі келді. Қазақстандық үлес пен ұлттық кадрлар мәселесі қатаң қадағалануы керек, - деді олар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Рауан Қалыбаев, Артур Горшняков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұнай #газPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz