Риддерде тұрмыстық қалдықтар жиналатын контейнер алаңдары ретке келтіріліп жатыр. Ескілері жаңасына ауыстырылып, айналасы абаттандырылуда.
Сонымен қатар биыл жергілікті коммуналдық мекеменің техникалары жаңартылды. Кәсіпкерлер қоқыс таситын жаңа көліктер алып, халыққа көрсетілетін қызметтің жақсаратынына сенімді. Есесіне моноқалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі шамамен 60 пайызға өскен.
Жергілікті билік Риддердегі аулалардың санитарлық жағдайына енді ғана назар аударғандай. Араға 20 жыл салып қоқыс контейнерлері ауыстырылып, тұрмыстық қалдықтар жиналатын орындардың айналасы абаттандырылып жатыр. Жаңа контейнерлер аптап ыстыққа шыдамды материалдардан жасалып, арнайы орындарға бекітілген. Дегенмен бұл аумақтарда бақылау камералары орнатылмағандықтан тазалықты көбіне тұрғындар қадағалап отыр.
Валентина Ларионова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Қаншама қоқыс жиналады. Бұл істі әлдеқашан қолға алу керек еді. Өзіміз осы қоқыс алаңы үшін күресіп жүрміз. Кейде дұрыс пайдаланбайтын көршілермен сөзге келіп қаламыз.
Қоқыс контейнерлері толып кетпес үшін қызмет көрсетуші кәсіпорын қоқыс таситын екі көлік сатып алды. Бұл шамамен 50 мың тұрғыны бар моноқала үшін жеткілікті.
Ирина Горохова, Коммуналдық кәсіпорынның санитарлық тазалық шебері:
- Қазір қоқыс таситын үш көлік жұмыс істеп тұр. Жақын арада тағы біреуі қосылады. Жаңа контейнер алаңдары барлық талаптарға сай орнатылды. Үсті жабық, қоқыс жан-жаққа шашылмайды.
Кәсіпкерлер мен әкімдік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында арнайы техника паркін жаңарта бермек. Себебі Риддерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі көтерілуде. Демек көрсетілетін қызмет сапасы да соған сай болуы тиіс.
Қаныбек Төлеухан, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
- Қоқыс тастау орындары бойынша былтырғы жылы біз 15 орынды жөндедік. 50-ден астам контейнерлерді қойдық. Биылғы жылы бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Жұмысты жүйелі түрде жүргізе береміз.
Айта кету керек, бұл бағытта Риддердің қаласының тәжірибесі Өскеменге қарағанда біршама ілгері. Облыс орталығында қоқыс контейнерлері әбден тозған, ал қалдықтарды шығару дұрыс жолға қойылмаған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Риддер #қоқысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz