Ақтаулық оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған цифрлық платформа ойлап тапты. Жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін жүйе бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындардағы жағдайды талдап, адамдардың бет-жүзіндегі эмоциялық өзгерістерді анықтай алады. Жобаның басты ерекшелігі -ашу немесе күйзеліс белгілерін дер кезінде байқап, ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік беруі. Сонымен қатар жүйе топтасып төбелесу, ұсақ бұзақылық секілді құқықбұзушылықтарды тіркеп, нақты мекенжай мен дәлелдерді уәкілетті органдарға жедел жолдайды.
Мектептің спортзалы компьютерлік ойын жасалатын зертхана тәрізді көрінеді. Оқушылар татами үстінде жекпе-жек тәсілдерін қайталауда. Олардың әр қимылын жасанды зерде бейнекамера арқылы бақылап, жадына сақтап алады. «Ақылды платформаны адам көп жүретін нысандарда қолданған жөн. Алмағайып бұзақылық әрекет жасалса, жүйе дереу күзетшіге белгі береді» - дейді жоба авторлары.
Марат Серіков, оқушы:
Біздің жүйені кез келген камераға жалғауға болады және соның көмегімен әртүрлі жерде қолданысқа ие бола алады. Мысалы мектептерде, қоғамдық орындарда, саябақтарда. Кез келген жерде қауіпті жағдайларды анықтайды және оның алдын алуға көмектеседі.
Жас өнертапқыштар тырнақалды жобасын алты айда құрастырып шығарған. Дарынды жеткіншектердің жетекшісі қоғамдық орында зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға арналған платформаның келешекте кең қолданысқа енеріне сенімді.
Қазбек Қалиев, зертхана меңгерушісі:
Зауытта болсын, өндірістік орындарда болсын оны орната беруге болады. Себебі, бұл дайын жасақталған бағдарлама. Камерадан келеңсіз немесе түсініксіз жағдайларды алдын ала анықтап, хабарлама беріп отырады.
Оқушылардың ендігі мұраты - ақылды жүйені қала көшелеріне енгізу. Қазір мектеп әкімшілігі сауда орталықтары иелерімен келіссөздер жүргізуде. Пилоттық кезеңде өзінің тиімділігін байқатқан соң, цифрлық жүйені полиция органдарымен бірлесе қолдану жоспарланып отыр.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев 24kz
Тегтер #жаңалықтар #Ақтау #қауіпсіздік #жаңа платформа #оқушылар #қоғам #Маңғыстау #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz