Атырау облысының Жылыой ауданында жұмыссыздық мәселесі өзекті. Қазір 3 мың 200 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген.
"Дегенмен оларды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін бірнеше жоба қолға алынып жатыр",- дейді жауаптылар. Былтыр жергілікті билік 37 мекемемен үш жақты келісім жасап, 800-ден аса азаматты тұрақты жұмысқа орналыстырған. Одан бөлек кәсіп бастаймын дегендерге де қолдау көп. Жалпы Атырау облысында жұмыссыздықпен күрес бағытында не істеліп жатыр?
Жылыойлық кәсіпкер Айгүл Төленғалиева былтыр «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп, ерте дамыту орталығын ашты. "Қазір ауданда дамуында тежелуі бар 4 мыңға тарта бала тіркелген. Мұндай орталықтың маңызы зор", - дейді Айгүл. Қазір жанына екі маманды жұмысқа алған. Олар күніне 15 баланы қабылдайды.
Айгүл Төленғалиева, кәсіпкер:
- Мұндай жобалар көпбалалы аналар үшін өте қажет деп ойлаймын. Кімнің идеясы бар, көбінде идея болады да, ақша жағынан қиналып қалатын жағдайлар болады. Сондықтан мұндай жобалар мемлекет тарапынан өте жақсы ұйымдастырған. Өздері білім береді. Әрі қарай өздері бизнес-план жазуға көмектеседі. Бұл жоба арқылы мен тағы қасыма екі қызметші алған болатынмын. Қазір бәріміз жұмыс жасап жатырмыз.
Былтыр Айгүл секілді 50 адам кәсіп бастаған. Биыл 54 адамға қайтарымсыз грант берілмек. Жалпы ауданда қазір 3200 жұмыссыз тіркелген. Оларды жұмыспен қамту үшін былтыр 37 мекемемен келісім жасалса, биыл мансап орталығы 21 компаниямен меморандумға қол қойған.
Ақылбек Едігеев, Жылыой аудандық мансап орталығының басшысы:
- Теңіз қалашығындағы мердігер мекемелермен үш жақты келісім, меморандум жасадық. Осы былтырғы жылы біз 37 мекемемен келісім орнаттық. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 800-дің үстінде азамат пен азаматшаларымызды жұмыссыз, тұрақты жұмыстарға орналастырдық. Қазіргі таңда биылғы жылға 21 мекемемен біз кездесу ұйымдастырып, келісім орнаттық. Біз тек қана Теңіз қалашығындағы мердігер мекемемелермен емес, осы аудан көлеміндегі мекемелермен де үш жақты келісім орнатып жатырмыз.
Ал өңірдегі жұмыссыздар саны биыл 20 мыңнан асады. Оларды жұмыспен қамту бойынша Жол картасы әзірленген. Бүгінге дейін 3500-ден аса жұмыс орыны ашылды. Бұдан бөлек кәсіптік оқыту курстары да ұйымдастырылып жатыр.
Гүлболат Аманғалиева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:
- Кәсіптік оқыту шараларымен күні бүгінге 1200-ден астам адам қамтылды. Енді онлайн Skills курстары арқылы 700-ден астам адам оқытылды. Оның ішінде әр түрлі саладағы мамандықтар бар. Сонымен қатар өз ісімді бастаймын деген азаматтарға «Бастау-Бизнес» жобасында курстарға бүгінде 470 адам қамтылып, сертификаттарын алып, өз жұмыстарымен айналысуда.
Биыл 41 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамту іс-шараларына тарту үшін 8 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Оның ішіне тұрақты жұмыспен қамту, «Алғашқы жұмыс орыны», жастар тәжірибесі және «Күміс жас» жобалары мен жұмыссыздарды кәсіптік оқыту курстары кіреді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #жұмыссыздық #мекеме #күресPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz