Түркістан облысында алдағы 3 жылға су үнемдеу технологиясын енгізуге 90 миллиардтан астам теңге бөлінді. Елдегі суармалы жердің төрттен бірі облысқа тиесілі.
Ал өңірдегі суармалы жердің 63 пайызы ағынсуды көрші трансшекаралық өзендерден алады. Су тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Жергілікті билік бұл мәселені қалай шешпек? Қандай амал-әрекет жасап жатыр?
Елдегі суармалы жердің 25% Түркістан облысының еншісінде. 575 мың гектар суармалы жердің 314 гектары трансшекаралық өзендерге тәуелді. Осы тәуелділікті азайтып, тапшылықты жою үшін биыл облыста су үнемдеу технологиясын енгізуге 31,3 млрд теңге бөлініп отыр.
Нұрбол Мәмет, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Су үнемдеу технологиясына оңтүстік өңірді жаппай көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы негізгі жоспар 27 мың болатын болса, біз 50 мың гектарды жоспарлап отырмыз. Басымдық беріліп отырған аудандар Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары. Бүгінгі күні жалпы 35 мың гектарға су үнемдеу технолоиясын ендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сарапшылар болашақта су алтынмен пара-пар болатынын жиі айтады. Visual Capitalist медиа-платформасы ұсынған су тапшылығы бар елдердің картасында Қазақстан қазірдің өзінде суға зәру 68 елдің тізімінде тұр. 2030 жылға қарай елде су тапшылығы 10–15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Сондықтан мамандар қолда бар суды тиімді пайдаланып, үнемдеу технологиясына көшудің маңыздылығы жоғары екенін айтады. Қазір өңірде суару құралдарын шығаратын 4 зауыт жұмыс істейді.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жаңбырлатып суару машинасын шығаратын мына зауыт 2,5 гектар аумаққа орналасқан. Кәсіпорын жылына 50 мың гектар жерді суландыратын мың дана жаңбырлатып суару машинасын шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны автоматты жүйеге негізделген соңғы технологиямен жабдықталған. Мамандар мұнда тек қозғалтқыш, редуктор, микро чип сияқты қажетті бөлшектерді ғана сырттан сатып алатынын, қалғанының бәрін осы жерде өздері өңдеп, шығаратынын айтады.
Әбілбек Әбілов, зауыт директорының бірінші орынбасары:
- Жаңбырлатып суару машинасының 90%-ы темірден құрастырылады. Сол 90%-дың барлығы осы Түркістанда өндіріледі. 2025 жылы біз 450-ге жуық жаңбырлату машинасын шығардық. Дәл қазіргі көктемгі дайындық кезеңінде біз әр сайын 70 дана жаңбырлату машинасын шығарып жатырмыз. Еліміздің барлық облысына жіберіп жатырмыз. Су өте тапшы, сол себепті бұл жоба барлық жерде сұранысқа ие болып жатыр.
Су үнемдеу бағытындағы кәсіпорындардың біреуі жаңбырлатып, қалғаны тамшылатып суаруға арналған. Биыл өндірістік парк аумағында тағы екі кәсіпорын құрылады деген жоспар бар. Олар толық қуаттылығына көшкенде жылына 100 мың гектар алқапты суландыруға қауқарлы болмақ.
Нұрбол Тұрашбеков, облыс әкімінің орынбасары:
- Соның нәтижесінде біз көрші облыстарды да су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы қажетті құрал-жабдықтармен қамтимыз ғой деп жоспарлаудамыз. Ол өз кезегінде суды 2 есеге дейін үнемдеп, сонымен бірге еккен өнімнің өнімділігін арттыратын болады.
Айта кетейік, Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізген шаруаларды үнемі ынтыландырып келеді. 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологиясына көшкен шаруаларға 80% субсидия төлейді. Бүгінгі күні облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 114 мың гектарға жетіп, суармалы алқаптардың 20 %-ын қамтыды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #субсидия #суды үнемдеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz