Жасанды интеллект суды үнемдеуге, қуаңшылықты болжауға және өнім көлемін ұлғайтуға септігін тигізбек.
Су ресурстарының Ұлттық ақпараттық жүйесі мен «Талсим» гидрологиялық моделіне қазіргі таңда 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық құрылысжайлардың 60 пайызы есепке алынған.
Нұрлан Абаев, ҚР Су және ирригация министрлігіне қарасты орталықтың басқарушы директоры:
- Соның нәтижесінде модель мен болжамды жүргізе отырып, біздегі ірі су ғимараттарына, су инфрақұрылымына қаншалықты су келетінін болжау, соның нәтижесінде оны тиімді басқару және де көп мөлшерде су келетін болса, бұл көктемгі су басу кезінде тиімді қамтамасыз етеді және де судың жеткіліксіздігі жағдайында алдын ала қуаңшылыққа іс-шараларды қабылдауда да бізге көмектеседі.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес Жайық, Нұра және Тобыл өзендері су басу қаупі кезеңін еңсерген. «Ал бас қала арқылы ағып өтетін Есіл өзенінің арнасынан асу ықтималдығы әлі де басым», - дейді маман. Талсим Энджи жүйесі трансшекаралық өзендердің су деңгейін бақылап, оның ағынын тиімді пайдалануға да ықпал етіп жатыр. Су тапшылығының алдын алуда жауапты министрлік тың технологияға негізделген бірнеше соны құрылғыны да іске қосқан.
Қуаныш Зікірбаев, ІT директор:
- Біз қазіргі таңда 500-ге жуық құрылғы шығарамыз. Сол құрылғылардың барлығы отандық реестрге енген өлшеу құрылғылары. Негізгі жұмыстары – ирригациялық каналдардағы автоматтандырылған жүйе. Яғни суды басқару, суды өлшеу қызметтерін атқарады. «Мұнда көрсетілген біздің құрылғымыз бұл – қақпа. Бұл құрылғылар арықтағы соңғы шаруашылықтан бастап үлкен каналдарға дейінгі өлшемдерде бар. Оның негізгі жұмысы 1 мм дәлдікпен суды ашып-жабу.
Яғни бағдарламалық кешенде әр шаруашылыққа алдын ала бекітілген су мөлшері енгізіледі. Артынша құрылғы сол су мөлшерінің асып не кеміп кетпеуін қадағалап отырады. Егер шаруашылыққа кеп құйылатын су өз деңгейінен асып кетсе, құрылғы қақпағы автоматты түрде жабылады. Ал мына бір құрал кішкентай арықтан үлкен каналдарға ағып өтетін судың мөлшерін 2 жарым пайыздық дәлдікпен ультрадыбыстық сәуле арқылы өлшейді. Құрылғы 2 жылдан бері Түркістан және Жамбыл облыстарында қолданысқа ие.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Су ресурстары және ирригация министрлігінде бүгінгі таңда 20 мыңнан астам су нысандары цифрландырылған. Ол – ресми ақпарат. Дегенмен де ол бүгінгі таңда толыққанды деп есептемейміз. Әлі алда істелетін жұмыс көп. «Негізгі мақсат – су үнемдеу процестерін енгізу.
Мәулен Әшімбаев. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Былтыр су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде 874 млн текше метр су үнемделді деген ақпаратты Министрлік беріп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен жалпы алғанда, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр десек, артық болмайды. Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар 40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұндай жағдай су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет екенін көрсетеді.
Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Су және ирригация министрінің баяндауынша, жыл соңына дейін 6 мыңнан астам каналды цифрландыру және гидротехникалық құрылысжайларды қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Қазіргі жағдайда ирригациялық желілер қарапайым жай ғана каналдардан толыққанды интеллектуалды жүйелерге айналып келеді. Ислам Даму Банкінің қарызы есебінен біз еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыруды бастадық. Бұл каналдардың жалпы ұзындығы 968 шақырымды құрайды және 65 мың гектар жерді суғаруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, бұрын қайта жөндеуден өткен 270 каналды 2028 жылға дейін автоматтандыру үрдісі де жолға қойылмақ.
Авторлары: Назым Кенжебай, Ержан Рахманбердиев
Тегтер #жасанды интеллект #су үнемдеу #қуаңшылық #Таза Қазақстан
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz