RU
Толық нұсқаға өту

Президенттің атынан мемлекеттік наградалар табысталды 

09.04.2026, 17:12 30

Таяу Шығыстағы тарлықта тартынып қалмай, отандастардың елге аман оралуына себепкер болған бір топ адам марапатталды. 

Мемлекеттік наградаларды Президент атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр табыс етті. Ол «көк паспорт иелерін тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз», - деген Мемлекет басшысының сөзін еске салды. Анығында солай. Алаңсыз сапарда жүргендер аяқ асты аласапыранға тап болғанда 66 рейс жасалып, 10 мың 275 жолаушы эвакуацияланды. Бұған қызыға да, қызғана қараған шетелдік туристердің таңданысы әлеуметтік желілерге кеңінен тараған. Сонымен азаматтарды құтқаруға әуе компанияның түрлі бағыттағы қызметкерлері жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар мамандары мен туристік компания өкілдері ат салысты. Мемлекеттік қызметкерлер де қалыс қалмады. Ұзын саны 31 адам марапатталып, олардың кеудесіне құрмет ордені мен еңбегі ерен және шапағат медальдары тағылды. Президент атынан алғыс хатқа ие болғандар да бар. 

Талғат Ахметов, әуе компаниясы департаментінің директоры:

- Біздің департамент тәуекелдерді бағалап, қауіпсіз бағыттарға талдау жүргізді. Ұшу ұзақтығы, әуе айлағын таңдап, оқыс оқиғалар туындай қалса, қалай әрекет етеміз деген нұсқаларды пысықтадық. Негізі біз мұны ерекше жағдай ретінде емес, әдеткі жұмысымыз ретінде көрдік. Әйтсе де, ұжым болып ұйысып, бәрін жоспардағыдай орындадық. 

Мирас Темірбеков, әуе кемесінің командирі:

- 6 наурызда Алматыдан Оманға рейс орындадық. Жолаушыларды алып қайтуға кешке ұштық, жол ұзақтығы 4 жарым сағаттай болды. 2 сағат жолаушыларды күтіп, орналастырып, кері қарай үш жарым сағат ұштық. Толықтай 8 сағат уақыт кетті. Мүмкін өзіміздің компаниядан грамота болатын шығар деп ойладық. Алайда мұндай шара болады деп ойламадық. Бізге кеше ғана айтты. Сондықтан бәрін тастап, рейстерді ауыстырып, осыған ұшып келетін болдық. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz