Бұл жолғы жиынның мазмұны бөлек, салмағы басым. Шараға шетелдік дипломаттар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысып, инвестициялық ахуалды жақсартудың жаңа тетіктерін талқылады.
«Бүгінде инвестициялық омбудсмен функциясы Бас прокурорға жүктелгеннен бері еліміздегі бизнес-климат жаңа сипат алды», - дейді мамандар. Құқықтық қалқан мен «прокурорлық сүзгі» инвестициялық жобаларға қалай әсер етті?
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Қазір елімізде жалпы құны 96 трлн теңгені құрайтын 2 мың 800-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Бас прокуратураның құзырына өткен «Инвестициялық омбудсмен» институты бүгінде бюрократиялық кедергілерді іріктейтін тегеурінді «сүзгіге» айналды. Бұл тетік қазірдің өзінде мыңнан астам негізсіз шешімнің алдын алды. Оның ішінде 450 заңсыз тексеріс, 500 әкімшілік іс жүргізу және 200-ден астам шектеу шараларының жолы кесілді.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:
- Форумда біз инвесторлардың қолданыстағы жаңа тетіктері мен әдістерін ұсындық. Біріншіден, бұл – прокурорлық сүзгі, яғни инвесторларға қатысты кез келген шешімнің прокурорлардың келісімінсіз заңды күші болмайды. Екіншіден, жобаларды сүйемелдеу. Әрбір инвестициялық жобаға оны іске қосқан кезден бастап толық жүзеге асырылуына дейін барлық кезеңді сүйемелдейтін жеке прокурорлар бекітілді.
Құқықтық сүйемелдеу тек қағаз жүзінде емес, цифрлық форматта да қарқын алды. Прокуратураның инвестициялық портфеліне енген әрбір іс ашық әрі бақылауда болады. Егер мемлекеттік орган тарапынан негізсіз кедергі жасалса, инвесторға уақыт жоғалтып, табалдырық тоздырудың қажеті жоқ. Кез келген мәселе «бір терезе» қағидатымен жедел шешіледі. Бұл жүйе бүгінге дейін 40-тан астам жүйелі мәселенің түйінін тарқатты. Сонымен қатар 270-тен астам жоба іске қосылды.
Бауыржан Ералы, ҚР Бас прокуратурасының инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:
- Мобильді прокурор қосымшасында арнайы бөлімде инвестор әлемнің кез келген жерінде, кез келген уақытта өзінің прокурорына хабарласа алады. Инвест омбудсменнің жұмыс органы ретінде комитет жыл басынан бері 600-ге жуық инвесторлардың құқығын қорғап, олардың жоба барысында келтірілген кедергілерді жоюға көмектесті.
Бұрын инвесторлар әкімшілік соттар мен шенеуніктердің шешіміне тәуелді болса, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Прокуратураның араласуы бизнеске деген сенімді арттырып, капиталдың қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр. Кәсіпкерлер де заңның үстемдігі орнаған ортада жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екенін айтады.
Мейрхан Мұхамадиев, инвестор:
- Әрине, процеске қатысушы барлық тарап пен ведомствоның, соның ішінде Бас прокуратура жанынан жаңадан құрылған комитеттің жұмысын өте оңды бастама деп санаймын. Өйткені басқа құрылымдармен салыстырғанда, бұл ведомствоның нақты әкімшілік пәрмені бар. Соңғы 4-5 айдың ішінде біз мамандардың іске шын мәнінде мүдделі екенін сезіндік. Олар түйткілді мәселемізді шешіп беруге көмектесті.
Форум қорытындысы бойынша инвестициялық климатты жақсарту үшін арнайы Сараптамалық кеңес пен сотқа дейінгі реттеу комиссиясы құрылады. Бұл дегеніміз – мемлекет пен бизнес арасындағы кез келген дау енді заң аясында, ашық әрі әділ шешіледі деген сөз.
Наргиз Бекмағанбетова, Самат Қазанбаев, Санжар Біргебаев
Тегтер #Астана #IPF2026 #инвестициялық форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz