RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында тасжолдың сапасы сын көтермейді

09.04.2026, 19:22 33

Атырау облысындағы республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары жолының сапасы сын көтермейді. 15 жыл бұрын салынған тасжол күрделі жөндеуді қажет етеді. 

Жолдың нашарлығынан көлік жүргізушілер де титықтаған.  Жауаптылар жылда жамап-жасқап қояды. Алайда қар мен жаңбырдан кейін жағдай ушығады. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Доссор-Құлсары тас жолымен тәулігіне жалпы саны 7 мыңға дейін көлік жүреді. Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан елдеріне жүк тасымалдайтындар да осы бағытпен қатынайды. Қазір республикалық маңызы бар жолдың күйі көңіл көншітпейді. Ой-шұқыры көбейген.

Бұл жол 2009 жылы салынды. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Республикалық маңызы бар тас жолмен жоба бойынша 3000-ға дейін көлік жүруі керек. Алайда қазіргі жүктеме екі есе көп. Соның салдарынан жолдың жағдайы нашарлап, жүргізушілер титықтаған.

Дастан Байбосыновкөлік жүргізуші: 

- Мына Құлсарының басынан кіріп келе жатқаннан өзіңіз көріп тұрған шығарсыздар, тесік-тесік болып жатыр ғой. Апат содан болады. Жолдан қашады көлік. Жаңа келе жатқан көлік алдында фура келе жатса, қашып та үлгере алмай қалады. Жол шынында нашар. Жасау керек.

2024 жылы жолдың бір бөлігін тасқын су жырып, бүлінген болатын. Сол жылы 66 шақырымын орташа жөндеу басталып, құрылыс жұмысы былтыр аяқталды. «Ал күрделі жөндеу немесе жаңғырту әзір жоспарда жоқ», - дейді жауаптылар. Биыл ой-шұқырын жамап, жол жиегін нығайтпақшы. 

Айбат Ибатов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Кешенді арнаулы бағдарламаға сәйкес шұңқыр жамау, жол белгілерін жаңарту, жол жиектерін көтеру, нығайту, сонымен қатар жол таңбаларын сызу сияқты жұмыстарды өндірістік жұмыс жоспарына сәйкес сәуір айының екінші жартысына жоспарланған.

Атырау-Орал тас жолының да күйі осындай. 2003 жылдан бері жөндеу көрмеген. Ал елдің батыс шекарасына жүк тоқтаусыз тасымалданып жатыр. «Республикалық жолға жауапты мекеме Атырау-Орал бағытындағы жолдың 184 шақырымын жөндеу жуырда басталады», - дейді. Ол үшін «Қазақстан даму банкінен» 50 млрд теңгедей қаржы бөлінді. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz