Соңғы екі жылда «Семей орманы» табиғи резерватының автопаркі жаңадан 80 техникамен толықты. Одан қалды өртті ерте анықтайтын дрондар мен бейнекамералар алынды.
Қазір орманның жарты миилионға жуық гектарында 37 бақылау құрылғысы орнатылған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік табиғи резерватында орманды қорғау және сақтау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.
Президент тапсырмасына сәйкес өртті ерте анықтау технологиясы ел бойынша кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Осы ретте «Семей орман» мемлекеттік табиғи резерваты қалыс қалған жоқ. Краснокордон орман шаруашылығында жасанды интеллект негізінде цифрландырылған дрондар, тікұшақтар мен жеке құрамның дайындығы сыналды. Былтыр лизингтік қаржы есебінен резерватқа 39 жаңа өрт сөндіру автокөлігі, 26 шағын орман өртін сөндіру кешені және аспалы жабдықтары бар 10 трактор алынған.
Қазбек Әметов, «Семей орманы» табиғи орман резерватының бас директоры:
- Бүгінгі күнге дейін ну орман мен аумағында 70 өрт сөндіретін автокөлік керек болса, қазіргі күнге Семей орманының балансында 82, 49 кіші кешенді JAC автакөліктері бар. Бұған бөлек, 70 трактор бар. Бүгінгі күні өрт сөндіру көліктері мен тракторлармен жабдықталу 100 пайызды құрайды.
Заманауи тепловизорлық және оптикалық камералар тәулік бойы орманды бақылап, өртті автоматты түрде анықтайды. Өрт немесе түтін байқалған жағдайда сигнал дереу Жедел басқару орталығына жетеді. Бұл өрт ошағын уақытылы оқшаулап, сөндіруге мүмкіндік береді.
Нұрлан Құрмалаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Жүйеге жасанды интеллект интеграцияланған. Ол өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер Қазақстанның барлық аумағында іске қосылды.
Орталық нақты уақыт режимінде ақпарат көрсететін бейнеқабырғамен және радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Мұндай басқару орталықтары «Семей орманының» 10 филиалында жұмыс істейді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізіп, өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Еліміздің орман алқаптарында 40-қа жуық өрт тіркелген. Ал өрт қаупі бар кезең енді ғана басталып жатыр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, биыл жаз ыстық болады деп күтіліп отыр. Бұл өрт қаупін арттыра түседі, ол түсінікті. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Сонымен қатар Үкімет басшысы Семейдегі бірнеше өндіріс орындарын аралады. Алакөл жағалауын кешенді дамыту жоспарымен танысып, сапар соңында Жастар сарайында болды.
Тегтер #орман алқабы #анықтау жүйесі #Семей орманыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz