Онлайн сауда жылдам дамып келе жатыр. Оған бұл сервистің ыңғайлы әрі тиімділігі себеп.
Яғни шағын және орта кәсіпкерлер маркетплейс арқылы сатылымын орта есеппен 5 есеге дейін ұлғайтады. Сондай-ақ төленген салық мөлшері 10 есе, ал қызметкер саны бір жарым есе өседі. Соның әсерінен бизнестің экономикамыздағы үлесі 40 пайыздан асты. Ал маркетплейстер нарыққа дендеп енбей тұрып, яғни 2018 жылға дейін 25 пайыз шамасында болған.
Алғашында сауданың бұл түріне қатысты заңдардың дайын болмағаны рас. Алайда бұл шетелдік маркетплейстер елде тайраңдап жүр деген сөз емес. 2022 жылдан бастап Қазақстанда олар Google tax деп аталатын салық төлеп келеді. Бір қызығы, біз бұл салықты Еуразиялық Экономикалық одақ аясында алғаш енгізген мемлекетпіз.
Қазір Қазақстанда 127 шетелдік маркетплейс тіркелген. Оның ішінде Apple, Amazon, Alibaba сынды алпауыттар да, жұмысын жаңа бастаған компаниялар да бар. Олар 2022 жылдан бастап экономикамызға 146 млрд теңгеден астам салық төлеген. Статистика бұл түсімдердің көлемі жыл санап артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Яғни болашақта экономикамызға құйылатын қаржы көлемі арта түспек.
Ілияс Қаптағаев ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстандық кәсіпкерлер қосымша құн салығын есептеу кезінде таза пайдасынан ғана төлейді. Олар барлық шығындарын шегерімге жатқызады. Ал шетелдік маркетплейстер қосымша құн салығын есептеу кезінде өткізілген тауардың немесе көрсетілген қызметтің құнынан төлейді. Яғни оларда шегерімге жатқызу көзделмеген.
Жаңа айтқанымдай, Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің ішінде алғаш болып бұл салық түрін енгізген мемлекет. Қазір одақ еліміздің тәжірибесін зерттеп, ортақ ереже жасақтап жатыр. Сонымен қатар қазақстандық тауарларды шетелдік платформаларда саудалауға да ден қойылған. Қазірдің өзінде Қытай нарығындағы ірі маркетплейстерде қазақстандық өнімдер сатылып жатыр.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Сауда минисрлігі қазір осы платформаларға шығудың тәсілдерін, қандай тауар позициялары қызық ол елдерге деген сияқты сараптама жүргізіп жатыр. Алдағы жылдары қазақстандық өнімдер шетелдік маркетплейстерге, Таяу Шығыста Нун маркетплейсінде және Еуропа нарығындағы В2В негізгі алаңы европэйдж маркетплейсінде біздің өнімдердің позициялары пайда болуы мүмкін. Себебі әріптестеріміз осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Алайда бұл таяқтың бір ұшы ғана. Электронды сауда дамыған сайын оны бақылау да қиынға соғып барады. Мәселен, жақында танымал маркетплейсте қару-жарақ саудаланғаны белгілі болды.
Абзал Бақашбаев, ҚР Бас көлік прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасы бастығының орынбасары:
- Тергеу амалдары көрсеткендей, тыйым салынған заттарды күдіктілер интернет дүкендерден сатып алған. Бас Көлік прокуратурасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетімен бірлесе отырып Satu.kz маркетплейсі суық қару жарнамасын орналастырғаны анықталып, ол ҚР ӘК 455 бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қазір маркетплейстерді қадағалайтын арнайы заң жоқ. Олар жалпы саудаға қатысты заңдарға бағынады. Алайда онлайн алаңдарда хабарландыру бергенде сол платформа әкімшісі екі сатыдан тұратын тексерістен өткізуге міндетті. Заң бұзған, яғни тыйым салынған тауарлар сатылған жағдайда құзырлы органдар сатушыны да, сауда алаңын да жауапқа тартады.
Тегтер #онлайн сауда #бақылау #шағын және орта бизнесPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz