Енді жылдық үстемеақысы 5 пайызбен жаңа баспана алуға болады.
Бүгін Freedom Bank алпауыт құрылыс компаниясы BI Group-пен меморандумға қол қойып, жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосуға уағдаласты. Осылайша, еліміздің кез келген азаматы Freedom Bank-те жинақтаушы депозит ашып, тиімді пайыздық мөлшерлемемен арзан бағада баспана алу мүмкіндігіне ие болды.
Баспана алу бақыты әркімнің болсын арманы. Нарықта баға саясаты мың құбылып тұрғанда бұл қолжетпес арман секілді. Алайда Freedom Bank елдегі ірі құрылыс компаниясы BI Group-пен меморандумға қол қойып, халық үшін тиімді ипотекалық бағдарламаны іске қосуға келісті.
Айдос Жұмағұлов, Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі:
- Наурыздың 19-нан бастап тұрғын үй жинақтау бағдарламасы коммерциялық банктер үшін де рұқсат етілді. Соның аясында біз халыққа тиімді болатын өнімді жасап шығардық. Яғни баспана алу үшін 50% алғашқы жарна салсаңыз, онда жылдық үстеме ақы 5 пайыз болады. Ал егер тұрғын үй құнының 30 пайызын салсаңыз, онда 10 пайыз болады.
Бағдарлама механизмі түсінікті. Freedom Bank-те депозит ашып, ақшаны сол жерде жинақтау қажет. Кейін мобильді қосымша арқылы BI Group салған тұрғын үйді таңдап, пәтер алуға өтініш беруге болады. Яғни, кеңсе жаңалап, табалдырық тоздырудың қажеті жоқ. Барлығын онлайн түрде жасау мүмкіндігі бар.
Нұрлан Оңғарбаев, Bi Finance директоры:
- Қазіргі мемлекеттік ипотекалық бағдарламада депозитке белгілі бір соманы салып, тиісті уақытта күту керек. Яғни кемі 6 ай күтесің. Содан соң ғана баспана алу жайын қарастырасың. Ал Freedom Bank-пен бірлесе іске қосып отырған бағдарламамыз арқылы кемінде 30 пайыз жарнаны салып, бірден пәтер алуға болады.
Айта кету керек, алғашқы жарна ретінде зейнетақы қорындағы артылған ақшаны да пайдалануға болады. Ал төлем жасаған кезде Freedom Bank тарапынан тиімді кэшбек те қарастырылған екен. Жалпы бұл ипотекалық бағдарлама мамыр айының соңында толық іске қосылады деп жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Қанат Махмудов
Тегтер #ипотека #бағдарлама #BI GroupPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz