RU
Толық нұсқаға өту

Елде биыл интернет-алаяқтықтан келген шығын 4,8 млрд теңгеге жетті

10.04.2026, 08:25 33

Оның тек жартысы қайтарылды. Бұл туралы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған AntiFraud Forum Kazakhstan жиынында айтылды. 

Сосын жұртты тақырға отырғызам деп өзі сан соғып қалғандар да жетерлік. Былтыр 1700 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

«Интернет алаяқтықпен күресте кешенді тәсіл қажет», - дейді мамандар. Сондықтан заңнаманы жетілдірумен қатар цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге де басымдық беріледі. Өткен жылы 27 мыңнан аса кибералаяқтық қылмыс тіркеліп, рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Жымысқы әрекеттерден келген шығын көлемі 12,2 млрд теңге. Қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде қаражаттың жартысынан астамы азаматтарға қайтарылды. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында алаяқтыққа қатысы бар 500-ге жуық адам жауапқа тартылды.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

- 2025 жылдың соңғы айлары және ағымдағы жылдың I тоқсан қорытындысы бойынша интернет алаяқтықтың тіркелуінде 6 пайыздан астам азаюын байқап тұрмыз. Технологиялық тұрғыдан байланыс операторларымен бірлесіп, Қазақстан аумағында шетел мемлекет алаяқтық қоңырауларлы бұғаттауға жұмыс жүргізілуде. Антифрот жүйесінің іске қосылуынан бастап, бүгінгі таңда 100 миллионнан астам қоңырау бұғатталды.

Бүгінде мессенджерлер арқылы түрлі сілтемелер жіберіп, жеке деректерге қол сұғушылар көбейген. Олар азаматтардан ақша аудару немесе SMS-кодтарды енгізуді талап етеді. «Салдарынан адамдар қалтасынан қағылып қана қоймай, цифрлық аккаунттарына қолжетімділікті жоғалтады», - дейді сарапшылар.

  Евгений Питолин, QazTech альянсының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы:

- Алаяқтық мәселесімен банктер, киберқауіпсіздік компаниялары және мемлекеттік органдар күресіп келеді. Алайда, азаматтардың өздері де сақтық танытулары керек. Бұл жерде мемлекет, банктер және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Бізде технологиялық қорғаныс жүйелері бар. Ұлттық банкте антифрод орталығы және банктердегі арнайы бөлімшелер  күмәнді транзакцияларды тоқтатады.  Ал биометриялық жүйелер бөгде адамның кіруіне жол бермейді. Кейде банк картаңызды бұғаттап тастауы мүмкін. Бұл көбіне сізді алаяқтықтан қорғау үшін жасалады.

Бұдан бөлек, биыл елде дропперлікке қатысты 393 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 7 есе артық. Мамандар мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондықтан азаматтарды өз жеке деректерін қорғап, күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырады.

Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:

- Жақында кодекс шықты цифрлық кодекс. Ол енді шілде айында жұмыс істеп бастайды. Бұрын бізде мысалы, цифрлық заң болса, енді толықтай кодекс. Ол енді толықтырылады, көрсетіледі. Сол кодекстің ішінен осы біздің азаматтарымызды қалай қорғаймыз, қылмыстық іс қозғалатынын және жасанды интеллектке қарсы қандай жұмыс жасалатынын соның бәрін бір кодекске біріктіріп көрсетті. Ол кодекстің мақсаты азаматтарды қорғау.

Бүгінде елдегі әр төртінші құқықбұзушылық интернет алаяқтыққа қатысты. Сондықтан, бұған дейін қабылданған цифрлық кодексте киберқауіпсіздік мәселелесі басты назарға ілікті. Деректерді қорғаудың жаңа стандарттары белгіленді. Жоба цифрлық ортада жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жеке және қоғамдық мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуді көздейді.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Арман Ақшабаев

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz