RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте интернет-алаяқтық дерегі көбейді

10.04.2026, 09:40 28

Шымкентте интернет-алаяқтық дерегі екі есе көбейген. Жыл басынан бері 281 қылмыстық іс тіркеліп, жүздеген тұрғын алданып қалды. 

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, шығын көлемі 600 миллион теңгеден асып жығылады. Осыған байланысты өңірде қылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді.  

Аты-жөнін атамауды өтінген 46 жастағы қала тұрғыны алаяқтың арбауына түсе жаздады. Айтуынша, бағасы нарықтағыдан екі есе арзан компьютердің жарнамасын көріп, сатушыға хабарласқан. Алайда ол төлемнің бір бөлігін алдын ала талап еткен. «Содан күдік ұялап, мәміле үзілді», - дейді ол.

Шымкентте интернет-алаяқтыққа қатысты 281 қылмыстық іс тіркеліп, көрсеткіш былтырғы  жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда екі есе артты. Аңғал жұртты арбаған күдіктілер көбінде жалған жарнаманы пайдаланады. Сондай-ақ өзін құзырлы орган, банк немесе пошта қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан бөлек, инвестициялық салымға шақыратындар да аз емес. Күдіктілердің қатарында өзге өңірлердің тұрғындары мен шетелдіктер де  бар.

Мақсат Шегірбай, қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Бір тоқсан қорытындысымен қазіргі таңда 48 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 17 тұлғаға қатысты көп эпизодты қылмыстық істер бар. Сонымен қатар 2026 жылдың 3 ай қорытындысымен 600 миллионға жуық шығын келтірілген.

Киберқылмыстың алдын алу мақсатында кең таралған алаяқтық схемалар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Полиция департаментінің қызметкерлері мен прокурорлар тұрғындарға  жалған жарнамалар мен күмәнді қоңыраулардан сақтану жолдарын түсіндіріп жатыр. Сонымен қатар заңсыз контенттерді бұғаттауды қолға алды.

Данияр Жамантаев, қала прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры:

- Қала прокуратурасының үйлестіруімен «Антифрод колл» орталығы жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың 15-ақпанынан бастап 300 мыңнан астам күмәнді қоңырау тоқтатылды. 500-ге жуық жалған ақпараттарды тарату бойынша алаяқтық белгілері бар сайттар бұғатталды.

Биыл алаяқтыққа қатысты жалпы 614 қылмыстық іс тіркелсе, оның 77% интернет арқылы жасалған. Осыған байланысты құзырлы орган өкілдері кез келген қаржылық аударымға мұқият болып, күмәнді хабарламалар мен сілтемелерден сақ болуға шақырады. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz