240 шаруашылық 10 мың гектардан астам алқапқа дәнді-дақыл егеді. Егістіктің 95 пайызында тамшылатып суару технологиясы қолданылады. «Өйткені құрғақшылық жиі болатын өңірде суды үнемдеу керек», - дейді жауаптылар.
Жылыой ауданын жергілікті өніммен қамтып отырған шаруа қожалығы биыл 50 гектарға егін салады. Диқандар қазір жер жыртып жатыр. Шаруашылық бау-бақша өнімдерінен бөлек, мал азығын да дайындайды.
Аман Сатқынов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Ауа-райы қазір күрт бұзылуы мүмкін. Сондықтан біз ертең мамыр айының басынан бастап егеміз. Қауын-қарбыз, қызанақ-қияр, морковь, жуа, сондай нәрселер егеміз. Мал азығы бөлек дайындалып жатыр. Мына жаққа былтыр 20 гектар еккем, биыл тағы 30 гектардай егем. Негізгісі бізде жоңышқа ғой егетін мал азығы.
Жылыойлық шаруалар биыл 275 гектар алқапқа дәнді-дақыл егеді. Оның 145 гектарына бау-бақша дақылдары, 45 гектарына көкөніс егіледі. Ал 85 гектар жерде мал азығы дайындалады. Биыл аудан бойынша 40 тонна минералды тыңайтқышқа өтінім берілген.
Анаргүл Жанаева, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
- 2025 жылы 4 шаруашылық 265 гектар жерге егін еккен болса, 2026 жылы егіс көлемі 10 гектарға артып, 3,6 пайызға өседі деп күтілуде. Аудан шаруашылықтарында тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданып жүр. 2026 жылы бұл технология 190 гектар алқапқа қолданылатын болады.
Өңірде сапалы дән қорын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Шығынның 70 пайызы субсидияланады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Облыста көктемгі дала жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Оған 780 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар 17 шаруа қожалығына жеңілдетілген дизель отыны тасымалдануда. Биыл өңірдегі егістіктің 95 пайызына тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #диқандар #егіс науқаныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz