RU
Толық нұсқаға өту

Президент ғалымдарды марапаттады

10.04.2026, 17:00 23

Бірпалаталы Құрылтай сайлауы биыл тамыз айында өтеді. Бұл жайында бүгін ғылым қызметкерлері күні қарсаңында бір топ ғалымды марапаттаған Президент мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция өз күшіне енген кезде тиісті Жарлыққа қол қоятынын айтты. Тағы жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар тізіміне әл-Фараби орденін енгізу бастамасын көтерді. Ғылым қауымдастығы өкілдері алдында тағы қандай мәселелер айтылды?

Ғылым – прогресстің локомотиві. Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екеніне еш дау жоқ. Қазір елімізде бұл салаға көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. Ол жайында бүгін бір топ ғалымдарды Ақорда төріне жинаған Президент айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды.

Ғылымның дамуы – елдің дамуы. Сондықтан да қазіргі көрсетіліп жатқан қолдау – ел болашағына салынған инвестиция. Айта кету керек, осындай демеудің арқасында соңғы 4 жылда республикада 303 жаңа зертхана іске қосылды. Ал 11 университет зерттеуші мәртебесін алған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Ғылымнан үлкен үміт күтілуде. Жақында Президентіміз әл-Фараби университетінде нақты тапсырмалар қойды. Негізгі мақсат – ғылымның қолданбалы форматқа көшірілуі және бизнеспен, өндіріспен тікелей ұштастырылуы. Енді ғалымдарды, зерттеу институттарымызды тікелей өндіріске апарып, қостырамыз. Міндеттелемер және техникалық тапсырмалар енді бизнестен келетін болатын.

Демек ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, бар жағдайды жасап беріп жатқанда, ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Бүгін Президент осыны қадап айтты. Енді нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды Үкімет мұқият іріктеп, бұл жұмысты ұдайы назарында ұстауы тиіс. Қолданбалы ғылымды дамыту жайын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Жүрек орталығы дәрігерлерінің инновациялық жетістігін мысалға келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Айта кету керек, алғаш рет Ата заңымызда ғылым мен инновация мемлекеттік стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Демек салаға артылған үміт те, жауапкершілік те еселей түсті. Жаңа Конституция демекші, бүгін Президент алғаш рет Құрылтай сайлауы қашан өтетінін де жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады.

Президент ғалымдарды марапаттады

Салатанатты жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бөліскен жаңалық бұл ғана болмады. Президент ғылыми қауымдастық алдында тағы бір ақжолтай хабарын жария етті. Бұл жолға жағымды жаңалық мемлекеттік марапаттар тізіміне қатысты болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады.

Бұл ғұламалар соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Бабалар жолын жалғар ғалымдар қазір аз емес. Елде 28 мыңнан астам ғалым бар екен. Солардың 50 пайыздан астамы жастар. Салаға жасалған үлкен қолдаудың арқасында тек соңғы 3 жылдың ішінде ғылымға 5,5 мың жас маман қосылған. Бұндай оң өзгеріске аға буын өкілдері де қуанып отыр. Техника ғылымдарының докторы Амангелді Омаров ұзақ жылдар бойы теміржол саласында еңбек еткен. Ұлы дала төсінде шойын жолдар құрылысымен айналысқан ардагер еліміздің қазіргі көлік-логистика бағытын дамытуға басымдық беріп жатқаны қуантады дейді.

Амангелді Омаров, «Халықаралық көліктік-гуманитарлық университеті» мекемесінің президенті:

- Саяқ-Балқашты тікелей қосып алдық. Мысалы, «двухпутка» жасадық. Сол сияқты осы Қарағандының маңайында да, Алматының маңайында да «двухпуткалар» салып жатыр. Барлық жерде теміржол бойында өте көп еңбек сіңіріп, үкімет солай тамаша өсіп келе жатыр.

Елдің көлік-логистика саласын дамытуға елеулі үлес қосқан ардагерге бүгін Президент жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  құрметті атағын табыстады. Сондай-ақ еңбегі еленгендерді қатарында бүгін «Жәңгір хан атындағы  Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті зертханасының жетекшісі Сәрсенбек Монтаев та бар. Техника ғылымдарының докторы бұған дейін әлемдегі ең беделді ғалымдардың тізіміне енген.

Сәрсенбек Монтаев, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университеті» КЕАҚ зертханасының жетекшісі:

- Құрметті Президент мырза, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан біздің ғылым саласына, инновациялық жобаларға үлкен мән беріліп келе жатыр. Оған өзіңіз де көп көмек көрсетіп жатырсыз. Енді тағы бір айтатын жайт, жаңа Конституцияда ғылым мен инновация ел дамуының басты қағидаты болып белгіленді. Оған біздің ғалымдар бар күш-жігерін ат салысып және қолдайды деп айта аламын.

Ал Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қауымдастырылған профессора Айбол Арғынғазинов болса, бүгін кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Экономика ғылымдарының жілігін шағып, майын ішкен маман бұл марапат еліміздің жастарына білдірілген сенімі деп білемін дейді.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы басқару институтының қауымдастырылған профессоры:

- Бұл марапат қазіргі сәтте емес, алдағы уақытта да жаңа күшпен, тың серпінмен жұмыс жасауға ықпал етеді деп ойлаймын.

Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында практикаға бағдарланған білім беру бағдарламасын, әсіресе жергілікті атқарушы органдарға, білікті кадрларды даярлауға олардың біліктілігін арттыруға белсене қатысудамыз. Бірнеше жылдар бойы осы академия өзім практик ретінде дәріс оқып келе жатырмын. Қазіргі кезде біз өңірлік даму бағдарламасы бойынша 100-ден аса магистрлерді дайындап, олардың барлығы дерлік қазір еңбек етіп жатыр.

Жас ғалымдар демекші, бүгін жылдағы дәстүрге сай Президент бір топ маманға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Айта кету керек, соңғы 3 жылда ғылымға енді келген жаңа буын өкілдеріне 683 баспана берліген. Көптен күткен өз үйіне қол жеткізгендердің қатарында медицина ғылымдарының докторы Медет Төлеубаев та бар. Үш баланың әкесі осы күнге дейін пәтер жалдап келген екен.

Медет Төлеубаев, Г.В. Цой атындағы Хирургия ғылыми-білім беру орталығы директорының орынбасары:

- Қуанышым шексіз. Бүгін проректорымыз хабарласып, Ақордаға шақырып жатыр дегенде осындай марапат болатынына сенбедім. Телефонымды алғаннан кейін ата-анама хабарласайын деп жатырмын. Анама хабарласамын. Бізге өте үлкен қолдау. Ғылымда жалақы да жақсы өсіп жатыр. Мықты қолдау біз үшін.

Ғылым – ұлттың зияткерлік қуаты мен болашаққа бастар шамшырағы. Бүгін осы жолда табандылықпен еңбек етіп жүрген ғалымдардың еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Бұл – тек жеке жетістіктің емес, тұтас ғылыми қауымдастықтың мәртебесін көтеретін маңызды қадам. Саланың қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, жас буынға үлкен серпін беретін айтулы оиға. Өйткені ғылымға жасалған әрбір қолдау – елдің ертеңіне салынған инвестиция.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz