RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық компаниялардың көксегені не?

10.04.2026, 17:30 27

Ұлттық компаниялар қазақстандық бизнесті дамытуға мүдделі ме?

Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің отырысында бұл мәселе қызу талқыланды. Пікірталасқа Парламент депутаттары, отандық бизнес өкілдері және елдегі бірқатар ірі ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. 

Елдегі ірі мұнай-газ компанияларының  сатып алуларында қазақстандық қамту үлесін арттыру қажет. Бүгін талқылауға тұздық болған осы мәселе. Пікірталас ә дегеннен қызу басталды. Депутаттар әсіресе тендерлердегі алдын ала іріктеу әділ өтетініне күмән келтірді.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  «Самұрық-Қазына» бойынша сатып алудың өзіндік тәртібі бар. Онда әлеуетті жеткізушілер алдын ала біліктілік іріктеуінен өтеді. Компаниялар өтінім береді. Ал олардың деректерін тәуелсіз аудиторлық мекемелер бағалайды. Осы жерде көп сұрақ туындайды. Аудиторлық ұйымдар белгілі бір компанияның сойылын соғып кетпейтініне кепіл бар ма? Бұған қарсы қандай шара қолданылады?

Нұрлан Шәріпов, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары:

– «Самұрық-Қазына Контракт» қордың сатып алулары бойынша операторы. Біз алдын ала іріктеу жүргіземіз. Ұлттық палата өкілдері, инженер-технологтармен және тапсырыс берушілердің қатысуымен жергілікті жерге барып тексеру жүргізіледі. Барлық жұмыс ашық, оған арнайы бақылаушылар қатысады.

Алайда бұл жауап депутаттардың көңілінен шыға қоймаған сыңайлы. Олар аталмыш жүйені бизнес үшін үлкен кедергі деп атады.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өз ережелеріңізді тексеретін аудиторларыңыздың өзі сол жерге барып алады да адами фактор араласады. Бұл жерде адами факторды араластырмау керек. Цифрландыруға шығарыңдар, мысалы энергетикаға барып қызмет көрсететін адам ол жерде энергетикаға қатысы болмаса, ол өзінің тиісті құрал-жабдықтары болмаса, тиісі қызмет көрсете алмайды ғой.

Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жобалардың жалпы құны 7,4 млрд долларды құрайды, ал «Silleno Group» қазақстандық компаниялармен небәрі 750 млн долларға келісімшарт жасаған. Бұл бар болғаны 10%. Осы көрсеткішті кем дегенде 25–30%-ға дейін арттыруға бола ма? Екінші сұрақ: сіздердің компанияларыңызға қатысты көптеген шағымдар түсіп жатыр, зертханалық жабдықтарды жеткізуге біздің отандық компаниялар қатысқанымен, шетелдік жеткізушілерге басымдық беріп отырсыздар. Әйтесе де  қазақстандық компанияларда жеткілікті тәжірибе бар.

Мұхтар Авутбаев, «Silleno group» ЖШС бас директоры:

- Жалпы жоспар – 22,3%. Яғни инвестициялық кезең аяқталған кезде шамамен 23%-ға жетеміз, бұл сіздер айтқан 20-25% аралығына сәйкес келеді. Зертхана мәселесіне келсек, қазіргі таңда тендер өтіп жатыр және қазақстандық компания белсенді екенін айта кету керек. Әзірге атауын айта алмаймын, бірақ біз оны барынша қолдап жатырмыз. Қазір аталған келісімшартты дәл осы қазақстандық компанияға беру үшін тиіс жұмыс жүруде. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. 

Десе де «KazMunayGas» компаниясы  импортқа тәуелділік барын жоққа шығармайды. Бүгінде өндіріске керекті кейбір жабдықтар шетелден әкелінеді.

Сергей Пономарёв, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Биыл  жергілікті қамтудың үлесін арттыру бойынша қандай жобалар іске асырылмақ? Алдағы үш жылға арналған қандай жоспар бар?

Құрмангазы Есқазиев, «Қазмұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Жаңаөзен, Ақтау қалалары бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, соның нәтижесінде «Мұнаймаш» сияқты кәсіпорындардың құрастыру цехтары ашылды. «КАМАЗ» орталығымен де келіссөздер жүргіздік. Яғни біз ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар ұсынып отырмыз. Негізгі мәселе – импортты алмастыратын өндірістердің жеткіліксіздігі. Мысалы, насос-компрессорлық құбырларға арналған «жасыл» құбырлар Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Сондықтан біз негізгі тапсырыс беруші ретінде жергілікті өндірістерді дамыту үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар ұсынуға дайынбыз.

Халық қалаулылары қазақстандық үлесті арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе дейді. Ал ірі компаниялар жергілікті бизнесті қолдайтынын айтқанымен, іс жүзінде біздегі бизнес түрлі кедергілерге тап болады. Ашық әрі нақты шарттарсыз бұл мақсатқа жету екіталай - дейді депутаттар. Олар бұл мәселені басқа алаңдарда талқылауды ұсынды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Назерке Тоқжан, Рауан Қалыбаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz