Таразда ескі үйлерді жаңғырту жұмыстары мардымсыз жүріп жатыр. 538 көпқабатты үйді күрделі жөндеу керек.
Көбі 40-50 жылдан бері жөнделмеген. Инженерлік желілері тозып, қабырғаларына сызат түскен. Кейбірінің шатырынан су ағып жатыр. Жергілікті билік былтыр жөнделуі тиіс үйлерге бюджеттен әлі қаржы ала алмапты. Мәселе қашан шешіледі?
Айтса айтқандай, 200-ден аса тұрғыны бар мына үй 51 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ескірген үйдің шатыры бетон плиталармен жабылған. Ол әбден тозып, жарылып тұр. Жаңбырдың су өтіп, пәтер қабырғаларын көгертіп, сылақтарын сыпырып түсірген. Әсіресе жоғарғы қабат тұрғындары аққан суды шелекпен тасып әлек.
Тозған үйдің тұрғындары әр қар мен жаңбыр сайын төбемізден су сорғалайды дейді. Сондықтан өз беттерінше әр пәтер иесі ақша жиып 500 мың теңгеден жұмсап шатыр жабындысына осындай қара қағаз төсейді. Алайда мұнысы бір маусымға да шыдас бермей төбе жабындысы қайтадан осындай күйге түседі.
Көпқабатты үйдің электр желілері де әбден ескірген. Қысқа тұйықталу жиі болып, апта сайын жарық сөнеді. Жертөледегі кәріз жүйесі мен су құбырлары да тозып, тот басқан. Қолаңсы иістен дем алу қиын. Шыбын шіркей қаптап, тіршілік нәрі қолдануға жарамай тұр.
Меруерт Сәметова, қала тұрғыны:
- Ауызсу тұтынып жатқан трубалардың шіруіне байланысты тұтынуға мүлдем жарамайды. Сол себепті біз сырттан 5 литрлік баклашкалармен әкеп ақылы су тұтынамыз. Әйтпесе бізде тұрған таза суды қолдана алмай отырмыз қанша жылдан бері. Кешкі уақытта бізде напор болмайды. Ондай кезде біз кезекпен пайдаланамыз десек те болады.
Әбігерге түскен әлеумет бұл мәселені жергілікті биліктің алдында талай рет көтердік дейді. Алайда мардымды жауап алмапты. Ал тұрғын үй қатынастары бөліміндегілер жаңғырту бағдарламасы былтыран бері тоқтап тұр, - дейді. Былтыр жөнделуіс тиіс 73 үйге әлі қаржы бөлінбеген. Одан кейін кезекте тұрған тағы 60-қа жуық баспана бар.
Сұлтанмахмұд Өтешов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Республикалық бюджетке 73 үйді күрделі жөндеуге 7,8 млрд теңге керек деп өтініш бергенбіз. Өкінішке қарай қаржы тапшылығы, қаржы бөлінбеді. Бірақ біздің бюджеттік өтініміміз өтпелі, біз қайтадан жаңартып, қайтадан енгіздік. 2026 жылы 2025 жылы жасалмаған 73 үйді жасау жоспарда.
Ескі үйлердің барын біле тұра, кеш қимылдаған билік қаржы бөлінсе, алдымен жобалық құжаты жасалған үйлерді жөндемек. Содан кейін ғана басқа үйлерді есепке алады. Ол үшін бірнеше жылдың кетері анық. Оған дейін тұрғындар өздері амалдауға мәжбүр. Жалпы қалада 538 үй күрделі жөндеуді қажет етеді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Тараз #ескі үйлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz