RU
Толық нұсқаға өту

Астана – Талдықорған жолаушылар пойызы қатынай бастады

10.04.2026, 21:00 67

Астана – Талдықорған бағытында темір жол қатынасы араға 30 жылдан аса уақыт салып қайта жанданды.

Бас қаладан шыққан жолаушылар пойызы бүгін жер жәннәті Жетісу жеріне келіп тоқтады. Бұған дейін өңір жұртшылығы Алматы, Үштөбе қалаларына барып, сол жақтан жүретін пойыздармен ел астанасына қатынайтын еді.

Астана мен Талдықорған арасын жалғаған алғашқы пойызбен 50-ден аса жолаушы келді. Жаңадан ашылған бағыттың игілігін көргендердің қатарында Бижамал Нысанбаева да бар. 

Бижамал Нысанбаева,  жолаушы:

- Бұрын Алматыдан түсіп такси іздейтінбіз. Такси де іздегеніміз жоқ.

Вагондар отандық зауытта жасалған. Жолаушыларға қолайлы болуы  үшін әдеттегі қажеттіліктермен қатар ауа баптағышы және жеке жуыну бөлмесі қарастырылған. Сапардың ұзақтығы 28 сағат.

Дияр Нүсіпқожанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:

- Екі вагонды құрайды. Бір плацкарт, бір купэ. Ертеңгі таңда жазғы тасымалда, қысқы тасымалда билеттер сатылған уақытта қосымша тағы вагондар тіркеледі. 

Аталған бағыттағы пойыз күнара жүреді. Ол тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынып, мемлекет басшысының көлік инфақұрылымын дамыту тапсырмасы аясында ашылды.

Елдос Нестай, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Жетісу өңірінде 9 вокзал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Алакөл бағытында қосымша пойыздар іске қосылады. Сонымен қатар қазіргі жүріп жүрген пойыздардың ұзындығы мысалы, жай кездері 15 вагон болса, жаз мезгілінде ол 20 вагонға дейін ұзартылатын болады.

Саладағылар 2030 жылға дейін еліміздегі жолаушы таситын вагондардың 90 пайызын жаңартуды көздеп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz