RU
Толық нұсқаға өту

«Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары іске қосылады

10.04.2026, 21:30 33

Елімізде «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары іске қосылады. Ол үшін Отбасы банк Азия даму банкінен 90 млрд теңге қаржы тартты.

Бүгін қос тарап арнайы келісімге қол қойды. Бұл қаражат Отбасы банк тарапынан «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары бойынша тұрғын үй несиелерін беруге бағытталады.

Отбасы банк бұл жолы алғашында 2 000-нан астам несие беруді жоспарлап отыр. Нәзік жандарға арналған «Ұмай» бағдарламасының бастапқы жарнасы төмендетілген. Бұған дейін бұл ипотека арқылы 4 мыңға жуық әйел баспаналы болды. Отбасы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қатысушылар тұрғын үйді сатып алу мен жөндеуге бір несие рәсімдей алады. Сонымен қатар «Жасыл ипотекаға» да сұраныс артқан.

Тимур Көшербаев, Жоспарлау және стратегиялық талдау департаменті директорының міндетін атқарушы:

- Әйелдерге арналған бағдарлама «Ұмай» еліміздегі әйелдердің өз жағдайларын жасап пәтер алуына бағытталған. Жасыл ипотеканы біз бірінші рет жүзеге асырған кезде үлкен сұранысқа ие болды. Осы бағдарлама сондықтан біз осы келісім аясынта тағы да Ұмай ипотекасынан басқа Жасыл ипотекасын да іске асыруды жоспарлап отырмыз.

«Ұмай» бағдарламасы арқылы дайын бастапқы тұрғын үйді де, құрылыс кезеңіндегі пәтерді де сатып алуға болады. Сондай-ақ 2016 жылдан ерте салынбаған қайталама нарықтағы пәтерлерді алуға мүмкіндік бар. Несие көлемі – 50 млн теңге. Отбасының жалпы таза табысы 1 250  000 теңгеден аспауы тиіс. Әрі несиені  25 жылға дейін рәсімдей алады.

Утсав Кумар, Қазақстан бойынша АДБ өкілдігінің директоры:

- Бұл жолы  жаңа бағдарлама аясында біз «Ұмай» бағдарламасының алдыңғы тәжірибесін қайталағымыз келеді. Біз жасыл ипотеканы да қолдаймыз. Жаңа жасыл ипотека үй шаруашылықтарына энергия шығындарын азайтуға көмектеседі. Әрі Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының энергияны тиімді тұтынуына ықпал етеді.

Ал «Жасыл тұрғын үйді» сатып алу үшін банк пәтер құнының 80%-на дейін несие береді. Қалған 20% бастапқы жарнаны қарыз алушы өзі тікелей сатушыға төлейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz