Қазақстанда алғаш рет сотталғандардың еңбекақысын төлеумен қатар, оларды толық қамтамасыз етуді бизнес өкілдері өз мойнына алып отыр.
Ерекше пилоттық жоба Қарағанды облысында қолға алынды. Бастаманы өңірлік қылмыстық атқару жүйелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және облыстағы өндіріс орындары бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында сотталғандар жұмыс беруші аумағында тұрып, еңбек ету мүмкіндігіне ие болады. Олар жайлы жатақханамен, үш мезгіл тамақпен, арнайы киіммен және қажетті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Ал құқықтық тәртіптің сақталуын өндірістік алаңда қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстайды. Жобаға сотталғандардың арасынан қоғамдық қауіптілігі төмен, оң мінездемесі бар 29 жазасын өтеуші қатысып жатыр.
Игорь Бендерский Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары
- Жоба сотталғандарды еңбек арқылы бейімдеуге және әлеуметтендіруге, қайта қылмыс жасау деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекет үшін сотталғандарды ұстауға жұмсалатын бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етеді. Ал бизнес үшін кадр тапшылығын азайтып, логистикалық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #еңбекақы #сотталғандар #жұмыспен қамтуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz