Кейінгі 20 жылда атмосферадағы парниктік газ мөлшері адамзат тарихында болмаған деңгейге жетті.
Ауаға тарап жатқан зиянды қалдықтар жаһандық жылынудың негізгі себебі саналады. Өрт, құрғақшылық, су тасқыны секілді табиғи апаттардың жер бетінде жиілеуі де сондықтан. Осыған байланысты әлем елдері шығарындыларды қысқартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл қадамдар қандай нәтиже беріп жатыр?
Еуроодақ ауаға таралатын парниктік газ шығарындысын азайту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Оларда зиянды шығарындыларды азайту жөнінде жоспар бекітілген. 2040 жылға қарай көрсеткішті 90%-ға төмендету көзделген. Құжатта талаптарды жеңілдету шаралары да қарастырылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл шығарындыларды 85%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары жаңартылатын энергия өндірісіндегі көшбасшылықты Қытай сақтап келеді. Сала сарапшыларының дерегінше, елдің үлесіне жаһандық жел турбиналарын өндіру қуатының 65%-ы, ал күн панельдерінің 80%-дан астамы тиесілі. Ел сондай-ақ энергия сақтау жүйелері мен электромобильдер өндірісінде де жетекші орынға ие. Бұған қоса, Қытай өнеркәсібі стратегиялық маңызды минералдар өндіру және өңдеудің негізгі кезеңдерін де бақылауда ұстайды. Ел әлемдегі сирек жер элементтерінің шамамен 90%-ын, сондай-ақ кобальт пен литийдің 60–70%-ын өңдейді. Бұл металдар аккумуляторлар мен тұрақты энергетика элементтері үшін аса қажет.
АҚШ-та жыл сайын жасыл энергия өндірісіне шамамен 35 млрд еуро инвестиция жұмсалады. Сонымен қатар мемлекет биоотын өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады. Әсіресе биодизель және биоэтанол өндіруде алда келеді. Қазір АҚШ-та жаңартылатын энергия саласында ең жылдам дамып келе жатқан бағыт – жел энергетикасы, оның әлеуеті өте жоғары. 2024 жылы АҚШ-та өнідірілетін электр қуатының жалпы көлемінде жаңартылған энергия үлесі 30%-дан асты. Федералдық энергетиканы реттеу комиссиясы мен Энергетикалық ақпарат басқармасының болжамынша, 2027 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 37%-ға жетпек.
Тегтер #экологиялық түйткіл #сарапшылар #Жаһандық жылыну #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz