RU
Толық нұсқаға өту

Атырауда «Atyrau Creative Нub» ашылды

11.04.2026, 17:15 22

Атырауда креативті жандардың басын қосып, олардың шығармашылығын дамытуға бағытталған Atyrau Creative Нub ашылды. 

Жаңа орталық заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Білім беру аудиториялары, медиастудиялар және түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге арналған залдар да қарастырылған. Креатив хабтың ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Креативті индустрияларды дамыту қорының өкілдері қатысты.

Жаңа орталық – өңірдегі креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды алаң. Жалпы ауданы 1 600 шаршы метр болатын нысанда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Қонақтарға арналған жайлы кофеханадан бастап, коворкинг-аймақ және шағын конференц-залдар орналасқан.

Әйгерім Досқалиева, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл орталықтың негізгі мақсаты - өңірдегі таланттарды қолдау. Бәсекеге қабілетті жобаларды үлкен алаңдарға шығаруға көмектесу және жалпы креативный индустрияны дамыту. Бұл орталықтың жалпы көлемі 1600 шаршы метр. Фриланс бағытында қызмет ететін жандарға арналған әр түрлі коворкинг алаңдары, әр түрлі кабинеттер қарастырылған.

Заманауи орталықтың ашылу салтанатында киіз басу, қолөнер бұйымдарын жасауға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Сондай-ақ сурет көрмесі мен кітап клубының кездесуі өтті. Мұндай іс-шаралар енді жиі өткізіледі,- дейді «Креативті индустрияны дамыту қорының» өңірлік менеджері.

Дәурен Сейітқалиев, «Креативті индустрияны дамыту» қорының өңірлік менеджері:

- Қазір жоспарды бастадық. Соның ішінде осы кеңістікте әр түрлі мастер-класстар өткізу. Мастер-класстарды өзіміздің өңірлік резиденттер өткізеді деп жоспарлап отырмыз. Бізде мықты мамандар бар үйрете алатын, білімімен бөлісе алатын.

Алдағы уақытта хаб базасында IT, медиа, дизайн, кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар салаларында білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру көзделген. Резиденттерге жайлы жұмыс ортасы мен кәсіби дамуға зор мүмкіндік ұсынылмақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz