RU
Толық нұсқаға өту

Балқаш – таза қала

11.04.2026, 21:40 22

Балқашта қала күні қарсаңында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жазғы маусымы ресми түрде басталды.

Ауқымды экологиялық акцияға 5 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, жастар, түрлі еңбек ұжымдарының өкілдері мен зейнеткерлер бар. Іс-шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындарының тазалыққа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қатысушылар қала аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. 

«Балқаш - таза қала» акциясы аясында тұрмыстық қатты қалдықтардан жасалған бұйымдар мен экологиялық жобалардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал жас табиғат қорғаушылардың жалынды сөздері сенбілікке жиналғандарды қанаттандыра түсті. Сондай-ақ «Үздік аула» және «Үздік кәсіпорын» қалалық байқауы жарияланды.

Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:

- 11 сәуір қаламыздың туған күні. Қаламыз 89-ға келіп жатыр. Акцияның арқасында таза қала, таза аула, мықты экологияға қол жеткіземіз.

Акция барысында 5 мың адамның қатысуымен «Балқаштықтар таза қала үшін» атты шеру өтті. Көпшілік қала ішімен жүріп өтіп, «Достық» саябағын қоқыстан тазалап, ағаштарды әктеді. Сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, тұтас әулет болып келгендер, жастар ұйымдары мен зейнеткерлер қатысты. Жастарды туған жерге деген сүйіспеншілікке, мәдениетке баулу парызымыз, -деді аға буын өкілдері.

Сенбілікке қатысушыларға, қала көшелерінде, қоғамдық көліктерде және сауда орындарында акцияны қолдау жөніндегі ақпараттық парақшалар таратылды. Кәсіпкерлер де қалыс қалмай, акцияға қатысушыларға сусын үлестірді. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау мақсатында Қарағанды облысына қарасты барлық қала, аудандарда осындай кең ауқымды шаралар өтті.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz