RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытауда құтқару бөлімшелері ашылды

12.04.2026, 10:03 20

Ұлытау облысында Жоспарлау және жедел басқару орталығы, әмбебап құтқару бөлімшесі және жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды. Нысандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. 

Жәйрем кентінде жаңадан ашылған әмбебап құтқару бөлімшесі заманауи инфрақұрылыммен, жаңа техникамен жабдықталған. Мұнда өрт сөндірушілер, жедел құтқару жасағының мамандары мен медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл нысанның Жәйрем кенті мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындар үшін маңызы зор.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Тәуелсіздік алғалы мұнда алғаш рет әмбебап өрт сөндіру бөлімшесі ашылып отыр. Бұл – жергілікті халық үшін көптен күткен қуаныш. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Енді төтенше жағдай бола қойған жағдайда өрт сөндіруші, дәрігер мен құтқарушы дер кезінде жетіп, қажетті көмек көрсетеді. Бұл – ел қауіпсіздігін нығайту жолындағы нақты қадам.

Сәтбаев қаласында ашылған өрт сөндіру бөлімінде де барлық жағдай жасалған. Арнайы техникаларға арналған бокстар мен кезекші бөлмесі, демалыс орны мен оқу кабинеттері заманауи жабдықталған. Жаңа нысанның ашылу салтанатында құтқарушыларға арнайы техника мен жедел құтқару көлігінің кілттері табысталды. Сондай-ақ қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Бөлім аумағында 2 қабатты тұрғын үй салынған.

Дархан Қоңыршинов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Қазіргі таңда Ұлытау облысының техникалық жарақтандыру 85 пайызға жеткізілген. Мұндай өрт сөндіру бөлімін Жезқазғанда аштық. Жәйрем, Қаражалда аштық. Алдағы уақытта жоспарымызда Жаңарқада және Ұлытау ауылында әмбебап өрт сөндіру бөлімін ашу бар. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.

Ал облыс орталығындағы Жоспарлау және жедел басқару орталығы заманауи байланыс құралдарымен, цифрлық мониторинг және визуализация жүйелерімен қамтылған. Бұл жағдайды бақылауға, жедел шешім қабылдауға және өзара нақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрлан Исмаилов, Гүлшахира Серекбаева

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz