RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте су арналарын тазарту басталды

12.04.2026, 15:16 21

Шымкентте арық-атыздар мен су арналарын механикалық тазалау жұмыстары басталды. 

Жоба аясында каналдардың табаны тазартылып, жағалауы нығайтылады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелі де қайта қалпына келтіріледі. Талдау қорытындысынан кейін тағы 18 канал орталық жүйеге қосылды. Бұл жұмыстардың жергілікті жұртқа пайдасы қандай болмақ? 

Қала іргесіндегі Ақсай-Қарабастау каналының суы үш бірдей шағын аудан аумағын бойлай ағады. Жалпы ұзындығы 10,5 шақырым болатын арна бойында араға жыл салып тазарту жұмыстары басталды. Әйтпегенде, табаны сал-балшық пен балдырға толып, жағалауын қамыс басқан. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Механикалық тазартудан кейін каналдың су өткізу мүмкіндігі екі есе артады. Бұл еріген қар суы мен жауын-шашын мөлшері көбейгенде тасқынның алдын алуға септігін тигізеді. Сала мамандарының айтуынша, атқарылған жұмыстар қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, маңайдағы шаруашылықтарды тұрақты ағын сумен қамтамасыз етуге жол ашады. 

Нәтижесінде 200 гектардан астам егістік пен бау-бақшаға секундына 1 текше метрден астам су жеткізіледі. Жоба аясында арнаның табаны тереңдетіліп, аумағы қоқыстан тазартылады. Қазіргі таңда суды қабылдау және оны қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін жұмыс қарқыны күшейтілді. 

Асан Омаров «Шымкент-Сушар» мекемесі бөлімінің бас маманы:
- Су болғаннан кейін қазіргі таңда шөп-шалаң өсіп жатады. Балдырлар өсіп жатады. Судың жоғалту шығыны 30% деп есептеледі. Сол үшін жылда біз тазалап отырамыз. Механикалық тазалаудан кейін судың өткізу қабілеті 80-85% артады. 

Қала аумағында 2 өзен мен 34 канал бар. Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша тағы 18 су арнасы анықталып, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгеріміне берілді. Енді суармалы алқап та артатын болады. 

Әбілқайыр Оңғар, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:
- Жалпы осы каналдарға су жіберу арқылы біз 550-ге жуық шаруаға су беріп, сонымен қатар 5 мыңға жуық үй іргелік жерлерде тұрғындарды ағын сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл каналдарда соңғы онжылдықта су болмаған. Осы жерлерді балансқа алып, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Арық-атыздарды қалпына келтіру нәтижесінде қала орталығында да қолайлы микроклимат қалыптасты. Көшелер мен даңғыл бойындағы ирригациялық жүйелерге су жіберілді. Сала мамандарының айтуынша, бұл аптап ыстықтың әсерін бәсеңдетіп, жасыл желек пен тал-теректі суаруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz