Павлодар облысында тауарлы балық түрлерін өсіретін 20 шаруашылық бар. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Биыл өзен-көлдерде су жәндіктерін көбейтумен қатар жасанды түрде балық өсіруге жарамды су айдындарын зерттеу жұмысы қолға алынбақ.
Табиғи су ресурстарына бай Павлодар өңірінде балық шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Осыдан үш жыл бұрын құрылған бекіре фермасы қазір толық өндірістік қуатқа шықты. Қазір бекіре, сүйрік сынды бағалы балық түрлерін өсіріп жатыр.
Сергей Киреев, балық өсіруші:
- Мұнда негізінен салмағы 700-800 грамм болатын сүйрік және 1,5 келіге дейін жететін Сібір бекіресі өсіріледі. Бұл – артезиан суында өсірілген балық, сондықтан оның бойындағы бөгде иістер толықтай жойылып, нәтижесінде өте таза, сапалы өнім алынады.
Заманауи технологиялармен жұмыс істейтін шаруашылықта толық өндірістік цикл қалыптасқан. Үш корпуста жылына 45 тоннадан астам балық өсіруге мүмкіндік бар. Үздіксіз жұмыс істеуге негізделген фермада тек бекіре тұқымдас балықтар мен олардың будандас түрлері өсіріледі. Шаруашылық уылдырықтан бастап дайын тауарлы өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Сонымен қатар өңірдегі балықты көбейту жобаларына да белсенді түрде қатысады.
Сергей Киреев, балық өсіруші:
- Біз мемлекеттен жем-шөпке тұрақты түрде субсидия аламыз, сондай-ақ шабақтар мен уылдырық сатып алуға да қолдау көрсетіледі. Мысалы, уылдырықты басқа шаруашылықтардан сатып аламыз, оның шамамен 30-40 пайызы субсидияланады. Негізінен ең көп дотация жем-шөпке беріледі.
Сергей Киреев биыл тәжірибе ретінде бекіре балықтарын ашық даладағы тоғандарда өсіріп көргенін айтады. Оның пікірінше, бұл тәсіл алдағы уақытта шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы облыс бойынша өткен жылы шаруашылықтар 600 тонна балық өсірген. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті екі есе арттыру жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болмақ.
Жангелді Қарабаев, «Зайсан-Ертіс» РММ ОБШИ басшысының орынбасары:
- Павлодар облысы бойынша 120 балық шаруашылығы су айдыны бар, оның 58-і бекітілген, ал 62-сі резервте. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға қарай облыста 10 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар есебінен өсім көлеміне қол жеткіземіз деп ойлаймын.
2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Павлодар облысында 20 тауарлы балық шаруашылығы құрылды. Ертіс өзенінде балықты көбейтуге де баса мән беріліп отыр.
Жасұлан Жұмашев, Қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі кезде осы балықты өсіру жағдайын жақсарту үшін арнайы балықтандыру жұмыстарын жасаймыз. Ертіс өзенінен балық жібереміз. Осы 2026 жылы 2 келілік 5 мың дана бекіре балықтарын Ертіс өзеніне жіберетін боламыз. Сонымен қатар субсидиялау жұмыстары да бізде жасалып жатыр. Осы салаға биыл 400 миллионнан астам субсидия бөлінеді.
Биыл сондай-ақ балық өсіруге қолайлы су айдындарын қолданысқа енгізу үшін бюджеттен 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, жасанды түрде балық өсіруге жарамды көлдер инвесторлардың өтініштері негізінде зерттеледі. Жалпы саны 20 су айдынын шаруашылық айналымына енгізу көзделген.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #Павлодар облысы #балық өнімдері #өндіріс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz