Аграрлық салада ғылыми жаңалықтың кемі 40 пайыз өндіріске енуге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпей тұр.
Отандық ғалымдар қол қусырып отырған жоқ, қыруар жоба ұсынған. Бірақ оның өткені-өтпегені бар. Дегенмен салада соны серпіліс байқалады. Бұрын гектарына 10-15 центнер бидай жинаған диқан бөркін аспанға ататын. Қазір елдің алды гектарына 60 центнерден өнім жинайды. Одан да асырғандар бар. Бұл ғылымның арқасы. Елде жерді өңдеу ғана емес, тұқым өндірісі де жанданып келеді. Еселеп өнім жинап, рекордтық көлемде астық алып отырғанымыз да осының жемісі.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ғылым мен бизнесті ұштастыру қажет. Қазір аграрлық салада табысты жүзеге асып жатқан жобалар баршылық. Осы уақытқа дейін 679 ғылыми әзірлеме жасалды. Соның бірі – «Таймас» атты бидай сұрпы. «2024 жылдан бері егіле бастаған дақылдың түсімі мол», - дейді ғалымдар. Және Арқаның климатына бейімделген. Қуаңшылыққа төзімді, көптеген ауруға қарсы тұрар қабілеті бар.
Зейілхан Тағаев, А.Бараев атындағы АШҒӨО коммерцияландыру жөніндегі бас маманы:
- Өндірістік көрсеткіштері - 38,5. Ол тәжірибелік станциялардың тәжірибелік көрсеткіштері. Ал шаруаларда егер нақты көрсеткішті айтатын болсақ, былтыр 23-ке дейін орта көрсеткіш көрсетті. Өте жақсы көрсеткіш. Басқа сорттар 8 центнер, 12 центнер болып жатуы мүмкін.
Алғашқы жылы бұл тұқымның 26 тоннасы таратылды. Ал былтыр 717 тоннаға жетті. Бір жыл ішінде сұраныс 30 есеге жуық өсті. Жалпы биыл 12 млн 100 мың гектар жерге бидай егіледі. Майлы дақылға басымдық берілгендіктен, егіс көлемі 125 мың гектарға азайды. Сондықтан диқандар түсімі мол сұрыпты себуге тырысатыны анық. Отандық ғалымдар мұндай тұқымның бірнеше түрін ұсынып отыр. Бірақ шетелдік өнімді таңдайтындар да бар.
Ернұр Айткенов, Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Бизнес тарапынан, әрине, сұраныстар бар, жоқ емес. Бірақ әзірге сондай биік деңгейде емес. Оған мысалы, шетелден келіп жатқан көптеген гибридтер бар, жаңадан шығарылған сұрыптар мен сорттар бар. Солардың бәсекелестігі де бір жағынан өз әсерін тигізіп отыр.
Кейінгі жылдары ғылыми жобаларды өндіріске енгізу шаруасы алға басқандай. 150-ден астам лицензиялық келісім жасалып, ғылым қорының 45 гранты жүзеге асты. Дегенмен Президент былтырғы Жолдауында ғылыми жұмыстың тек 17 пайызы жемісін бергенін айтқан еді.
Ернұр Айткенов, Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Ғылым қорымен алған гранттық қаржыландыру бойынша біздің қаржының көлемі 20 млрд-тан асса, оның ішінде 6,7 млрдын бизнес өкілдері өздері қалтасынан салып отыр. Қазіргі таңда осы жалпы жобалардан түскен пайданың көлемі 1,9 млрд болды.
Кейінгі он жыл ішінде отандық ғалымдар дәнді дақылдың 300-ден астам сұрпын шығарды. Енді осы агрожобаларды өндіріске көптеп енгізу көзделіп отыр. Мәселен, 2028 жылға қарай ғылыми жаңалықтың 40 пайызы шаруашылықта қолданыс табуға тиіс.
Нұрқанат Қанапия, Санжар Біргебаев, Самат Қазанбай және Айбек Омархан
Тегтер #ғылыми жоба #ғалым #аграрлық сала #өндіріс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz