RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде балалардың қауіпсіздігі дронмен бақыланады  

13.04.2026, 08:30 52

Дронның пайдасын біздің ел де көріп жатыр. Ақтөбеде ақылды құрылғы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қалай дейсіз ғой?!

Бала бір сәт көзден таса болса, жүгіріп, терезеге ұмтылады. Құлап кетіп жатқан жағдайлар аз емес. Ақтөбенің өзінде жыл басынан бері 3 дерек тіркелді. Енді осындай қайғылы жайттың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар қызметі мен полиция ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтті. Бұл үшін кәдімгі дронды пайдаланады. 

Абайсызда биіктен құлаған бүлдіршіннің бәрі - қараусыз қалғандар. Ата-ана көзін ала бере, бала терезеге ұмтылады. Көбі шыбын-шіркейден қорғайтын торға сүйенемін деп құлайды. Осындай жазатайым оқиғаның алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдай қызметі дауыс зорайтқыш орнатылған   дрондарды ұшырып, ескерту жасап жүр.

Аспандияр Әбілтаев, облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері:

- Өткен жылдан бастап халықты құлақтандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл дронның бізге көп пайдасы бар. Өйткені біз әр адамды тұрғызып, жеке жеке түсіндіре алмаймыз. Дрон болса, адамдарды жинауға, бізге түсіндіруге көмектеседі.

Құтқарушылар терезе толық ашылып кетпесі үшін шектейтін құлып орнатады. «Қауіпсіз терезе» акциясы аясына сақтандыру құрылғысын 40 көпбалалы отбасына үлестірді. Ал полицейлер күнделікті қауіпсіздік ержелерін түсіндіредІ.  

Гүлдана Каукакова, қала тұрғыны:

- Терезе шектеушілерді балалары бар барлық үйге орнату керек деп ойлаймын. Әсіресе бүлдіршіндер тым белсенді болса, қауіпті. Ас бөлмесінде жүріп, балалардың балконға немесе терезенің алдына қалай шығып кеткенін байқамай қалып жатамыз. Сондықтан бұл керек дүние. 

Нұрлыбек Сүйінтаев, облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

- Учаскелік полиция инспекторларының халықпен кездесу барысында, сонымен қатар мына қолда бар вацап чаттар арқылы, инстаграм желілері арқылы балалардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керек, терезеден құлау деректеріне жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар мына кәмелетке толмағандар істері инспекторларының оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесу барысында қоятын негізгі бір сұрақтардың бірі осы. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары түрлі ақпарат көздерінде сақтық шаралары туралы күнделікті жариялап отырады. Ал дрондары ауа райы қолайлы күндері көпқабатты үйлердің маңында жиі ұшырмақшы. Айта кетейік, жыл басынан бері 3 бүлдіршін ашық тұрған терезеден құлап кеткен.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz