RU
Толық нұсқаға өту

Астанада өңірлік экологиялық саммит өтеді

13.04.2026, 15:38 38

Серіктесі Біріккен Ұлттар Ұйымы. Мақсат – Орталық Азияның орнықты дамуы бойынша ортақ көзқарасты қалыптастыру. 

22-24 сәуір аралығында қоршаған ортаны қорғауға қатысты қордаланған проблемалар талқыланады. Олар аз емес. 

Орталық Азия – жер шарындағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі. Сондықтан опық жеп қалмас үшін осы бастан ортақ іске жұмылу керек. Оның үстіне теңізге шығу мүмкіндігі жоқ көптеген дамушы елдер үлкен тәуекел алдында тұр. Соңғы 20 жылда жан басына шақ қандағы сумен қамтылу 30 пайызға кеміген. Ал аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Жаһандық жылыну жайлағалы мұздықтар да мұңға айналды. Дүние жүзіндегі 2 млрд.-қа жуық адамның өзегін талдырмайтын өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың тұздай құрып кетпеуіне жол бермеу керек. Былтыр Мемлекет басшысы осындай мәселе көтеріп, мәміле күтетінін жеткізген. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаһан елдерінің «жасыл» дамуға бет бұруы ең жақсы, таза, қауіпсіз және өркендеген әлемнің негізін қалауға керемет мүмкіндік екені күмәнсіз. Алайда ол үшін климаттың өзгеруіне бағытталған мемлекеттік және жекеменшік қаржыландыру көлемі де соған сай болу керек. Әйтпесе, көміртек бейтараптығына қол жеткізу қиынға соғады. Оның алдын алу үшін бізге күш-жігерімізді еселеп, серіктестік аясын кеңейту керек. Мұндай күрделі сынақты бірде бір ел жалғыз өзі еңсере алмайды.

Әлбетте, жаһандық жылыну проблемасымен әлем әбігер. Әйтсе де, Орталық Азияда ол құбылыс екі есе жылдам жүріп жатыр. Түрткүл дүниедегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана біздің аймаққа тиесілі. Сонда да көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Жұтылудан құтылудың жалғыз жолы – жасылдандыру. Жаңартылатын энергия көздері – елдің стратегиялық міндетіне айналу керек. Табиғаттағы тосын өзгерістерге төтеп беру үшін жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз. Бастысы темірдей тәртіп пен қатал талап. 

Дженни Уанг, Mstn Technologies компаниясының вице-президенті:

- Қытайдағы компаниялар барлық жобаны өздері қаржыландырады. Бұған қоса экологиялық талаптарды да қатаң сақтауы тиіс. Өйтпеген жағдайда үлкен айыппұл салынады. Ал компаниямыз 23 жылдан бері мұнай-газ барлау мен өңдеу және химия өнеркәсібі мен тау-кен металлургия саласында 500-ден аса жоба жасады. Яғни көміртегін азайту, суды тазарту сияқты бағыттарға басымдық береді. Осы ретте Қазақстан Президенті де қоршаған ортаны қорғауға қатысты нормаларды жетілдіруді жиі айтып жүр. Біз тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз.

«Тек тәжірибе емес, экономиканы өсіру үшін экологияны өшірмеу керек», - деп қомақты қаржы аз тартылмады. Қайтарымы қайда? Батыс облыстар мұнай-газ өндірісінен тынысы тарылып, ал көмір өндіруші өңірлер өкпесі қабынып отырғаны жасырын емес. 

Азаматхан Әміртаев, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

- Мысалы, Еуропа дамыту банкінен 2000 жылдардан бастап, осы уақытқа дейін Қазақстанның су, ауыз су, қайта өңдеу мәселесіне млрд.-таған доллар бөлінді. Біз белгілі бір зерттеулер жүргіздік. Тиімділік төмен.  Қоршаған ортаны қорғау стандарты – қалдықсыз өндірісті дамыту. Таза ауаны, таза суды, таза жерді қамтамасыз ету. Ал келіп жатқан қаражаттар керісінше экологияға кері әсер беретін жобаларға кетіп қалып жатыр. Сондықтан жасыл қаржы фонды Қазақстанға керек.

Жерасты суларына сұраныс артты. Бәлкім, климат қысқанда қисынын тапқан амал болар. Қазір 4 мыңнан аса жерасты суының тізімі жасалып, жай-жапсары анықталып жатыр. 

Болат Бекнияз, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы:

- Жерасты суының біз 40 пайызын ғана ауызсуға қамтамасыз етеміз. Ал ауыл шаруашылықты айтсақ, суармалы жерлерді тек 0,7 пайыз ғана. Негізі жерасты суы көлемі 7 кубо км жетеді. Оны ауыл шаруашылыққа пайдалануға мүмкіндік береді. Екінші жағы бальнеология жағынан. Термалдық сулар бар. 70-100 градустан асатын сулар бар. Солардың бәрін энергия қуатына, жылуға пайдалануға болатын мүмкіндік көп. Өйткені жер асты суының бір ерекшелігі бар. Ол климаттың өзгеруіне онша әсер етпейді. Жерастында болған соң бір жағынан ластанбайды әрі азаймайды.

Өңірлік экологиялық саммиттің өзегі – бір уақ табиғатты тыңдау. Құлақ түріп, қоршаған ортаны толғандырған мәселеге қанығу. Олай жасамаса тотытай түрленіп тұрған талай төңіректің тулаққа айналғанын көріп жүрміз. 

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz