Түркістан облысының Ақсукент ауылында тұрмыстық қалдықты сұрыптауға арналған контейнерлер қойылды.
Пластик, шыны мен картон қалдықтарын жинаудың жаңа жүйесі жасалды. Ауыл тұрғындары бұл жобадан қосымша табыс тауып отыр. Аймақтың экологиялық ахуалы да жақсара бастаған.
Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко тұрмыстық қалдықты сұрыптаудың жаңа жүйесін енгізді. Экобелсенді ауылдарда арнайы контейнерлер орнатып, мыңнан астам тұрғынмен келісімшарт жасасты. Енді қайта өңдеуге жарамды қалдықты өткізген жұртшылыққа келісім шарт бойынша ай сайын ақы төленеді.
Владислав Голярко, әлеуметтік кәсіпкер:
- Халықта мотивация болу үшін біз ыңғайлы жоба ұсындық. Егер сіз бөлек жинайтын болсаңыз, сіз емес, біз сізге төлейміз. Қазір бізге көп өтінім түсіп жатыр. Науқан да басталды. Картон үшін 4 мың төлесе, біз 8 мың теңгесін төлейміз.
Кәсіпорын қуаттылығы жылына 650 тоннаға дейін артты. Өндіріс әлеуеті кеңейген сайын өңделетін материалдар тізімі де толықты. Мұнда шыны мен пластиктен бөлек, алюминий, полиэтилен және қағаз-картон әбден тазартылып, сапалы шикізатқа айналады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Өндірістік цехта жиналған қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Тазартылғаннан кейін әбден нығыздалады. Сонан соң салмағы 350 келіге дейін тартатын бумаларға бөлінеді. Осылайша дайын шикізат түрінде ірі зауыттарға жөнелтіледі.
Жобаның тиімділігі ауыл тұрғындарынан бөлек, мемлекеттік мекемелерге де сезіле бастады. Мәселен, білім ордаларында «Жасыл клубтар» жасақталып, оқушылардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артты. Ал қалдықты сұрыптаудан түскен қаражат есебінен аулаларды абаттандыруға демеушілік жасалады.
Әлия Исматуллаева, №5 М. Горкий атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары:
- Оқушылар қалдықтарды сұрыптауды, мусор тастамауды, оны жандырған кезде зиян екенін біледі. Солардың бәріне үйретілді.
Экологиялық қозғалыстың арқасында тазалық мәдениеті қалыптасты. Заңсыз қоқыс үйінділері жойылған. Ал жоба жетекшілері биыл цех жанынан пластикті қайта өңдеп, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Таза Қазақстан #Түркістан облысы #қалдықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz