Қарағанды облысында сотталғандарды еңбек арқылы қайта әлеуметтендіруге бағытталған пилоттық жоба басталды.
Жоба Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, өңір прокуратурасы мен Қарағанды облысы әкімдігінің қатысуымен жүзеге асып жатыр. Бұл бастамаға Qarmet компаниясы, өзге де кәсіпорындар қолдау көрсетіп, сотталғандардың алғашқы легі жұмысқа қабылданды. Осылайша еңбек пен әлеуметтік бейімдеу арқылы жазасын өтеп жатқан адамдарды толыққанды өмірге қайтару көзделген.
Жобаға жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасап сотталғандар қатысады. Мысалы, Qarmet компаниясының Теміртаудағы өнеркәсіптік комбинат аумағының санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әртүрлі қосалқы жұмыстарға 50 адам жұмылдырылған. Еңбек ету сотталғандарды тәртіпке, жауапкершілікке және ұжыммен жұмыс істеуге үйретеді.
Олжас Мұхтар, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
- Мемлекет басшысының сотталғандарды қайта әлеуметтендіруді күшейту туралы тапсырмасы бойынша Қарағанды облысының прокуратурасы ҚАЖД-мен бірлесіп «Еңбек ресурстары» пилоттық жобасын іске асырып отыр. Сотталғандар жалақы алып, келтірілген зиянды өтейді, сот міндеттемелерін орындайды. Бұл шара олардың оңалту және әлеуметтік бейімделу жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.
Тұрақты табыс пен нақты жұмыс кестесінің болуы сотталғандарды түзету мекемелерінен тыс өмір жағдайларына бейімдейді. Бұл әлеуметтік оқшаулану қаупін азайтып, әрі заңға бағынып өмір сүру негізін қалыптастырады. Жобаға қатысушылардың өздері де өмірлік құндылықтарды қайта саралап, болашаққа жоспар құра бастаған.
Асылжан Ерзатов, жазасын өтеуші:
- Бұрынғы өмірімізге қайтадан қалыптасу – ең басты мүмкіндігі осы болып тұр. Өзімнің ойымды толық өзгерттім шыны керек. Болашақта осы зауытта жұмысқа қалғым келеді.
Қазіргі уақытта пилоттық жоба аясында 90-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. Олардың жатақханасы, тамақтануы жұмыс берушілер тарапынан шешілген. Алдағы уақытта жоба жалғасын табады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибені енгізу қайталанатын қылмыс санын азайтуға сеп болады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #жазасын өтеушілер #жұмыспен қамту #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz