RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде трамвай жүргізушілері жетіспейді

14.04.2026, 09:15 32

Бұл көлік қазір Павлодар, Теміртау және Өскеменде ғана қатынайды. Сиреп бара жатқан осы техникаға мамандар да қат.

Осы себепті Өскеменде трамвай жүргізушісі мамандығын қайта жандандыру көзделіп отыр. Қазір 12 курсант білім алады. Үш айлық жеделдетілген курс барысында олар трамвай жүргізу мен техникалық қызмет көрсету негіздерін меңгереді.

Қала көшелерінде күн сайын 10-12 трамвай ғана қатынайды. Ал тұрғындардың сұранысын түгел қамтамасыз ету үшін кемінде 18 вагон қажет. Мәселенің негізгі түйіні жүргізушілердің жетіспеушілігінде. Қазір бар болғаны 17 жүргізуші жұмыс істейді. Сондықтан мамандарға еңбек демалысына шығудың өзі қиынға соғып отыр.

Денис Федченко, Өскемен қаласы трамвай паркінің директоры:

- Қазіргі таңда кадр тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінде аталған мәселені шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта трамвай жүргізушілерін даярлау және оларды жұмысқа қабылдау үдерісі қатар жүзеге асырылып жатыр.

Курсанттар алдымен электр көлігінің техникалық қыр-сырын үйреніп, кейін маңызды емтихан тапсырады. Өйткені болашақ жүргізушілер мыңдаған жолаушының қауіпсіздігі мен өміріне жауапты.

Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Ең бастысы оқу аяқталған соң түлектер жұмыспен қамтылады. Ал жалақы мөлшері 500 мың теңгеге дейін жетеді. Курсқа қатысушылардың арасында бала күнгі арманын орындауға келгендер де бар.

Алла Прийменко, курсант:

- Бала күнімнен трамваймен жүргенді жақсы көретінмін. Оның қалай жүріп, бұрылатыны бәрі қызық болатын. Ауылда тұрған соң трамвайды көп көре бермейсің. Оны жүргізу - менің бала күнгі арманым. 

Ал елуден асқан Жұмақан Сембинов жаңа мамандықты игеруге бел буған. Қазір трамвай жүргізуді үйреніп жүр. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы зауытта жұмыс істеген. Алайда денсаулығына байланысты бұрынғы қызметін тастауға мәжбүр болған. Дегенмен оқимын, үйренемін деген адамға ешқашан кеш емес, - дейді.

Жұмақан Сембинов, курсант:

- Былай көргенімде ұнады. Жалақысы да жақсы дейді. Графигі маған ұнайды. Демалыстары бар, әлеуметтік көмек бар.

Айта кету керек, биыл өңірде тек трамвай жүргізушілері ғана емес, дәнекерлеуші, электрик және туристік гид сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша да қысқа мерзімді курс ұйымдастырылған. Осылайша, биыл Шығыс Қазақстан облысында 400-ден астам адам жаңа мамандықты меңгереді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин. Өскемен қаласы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz