RU
Толық нұсқаға өту

Жетісуда 16 ауылға табиғи газ тартылып жатыр

14.04.2026, 10:45 36

Биыл Жетісу облысының Панфилов ауданындағы жүз мыңнан астам адам табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Қазір шекаралы аймақтағы 13 ауылдың көшелерінде құбыр тартылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс аяқталғанда ауданды газдандыру көрсеткіші 85 пайызға жетеді.

Әулиеағаш ауылында табиғи газ құбырын тартудың негізгі жұмыстары аяқталып, қазір үйді үйлерге кіргізіліп жатыр. Жаңадан баспана салған Бақытгүл Байбекова да көпшілікпен бірге көгілдір отынға қосылды. Енді газ беріліп тұрмыс машақаты жеңілдейтін сәтті тағатсыздана тосып жүр.  

Бақытгүл Байбекова, Әулиеағаш ауылының тұрғыны:

- Осы уақытқа дейін мен көмір тасып, от жағып жүргенмін. Енді ауылдың бәрі қуанып жатыр. Газ кіріп, ауылымыз көркейеді, жақсы болады, жылы үйде отырамыз деген ойдамыз.  

Ал Көктал ауылында газ құбыры жерастымен тартылып жатыр. Бұл - аудандағы халық саны көп әрі тығыз қоныстанған елді мекен.

Ержан Қалқабаев, Көктал ауылының тұрғыны:

- Өзім 6 тонна көмір жағамын бір қыста. Алдымен жартылай сатып аламын. Қалғанын тонналап сатып алып, қысты бітіреміз. Биыл көгілдір отын кірсе, от жағудан құтыламыз. Соған қуанып жатырмыз. Сапалы, жақсы жасаса болды. Соған қарап жатырмыз.

Азамат Байбатыров, жоба жетекшісі:  

- Көктал ауылы жобасы бойынша 90 шақырым, соның 40 шақырымы тартылып бітті. Енді ар жағында қалған жұмыстарды күз айына дейін бітіреміз деп ойлаймын. 

2025 жылға дейін аудандағы Жерұйық, Жаскент ауылдары мен  Жаркент қаласы көгілдір отынға қосылған еді. Былтыр 12 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Биыл да сондай көлемде жұмыс істеледі.   

Дидар Ешенов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- 2026 жылы соңына дейін 28 елді мекен толығымен газға қосылады. Одан бөлек, 7 елді мекен жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта газдандыру уақыттары жүргізілетін болса, 35 елді мекен газдандырылатын болады. Газ жүргізу қалған елді мекендерде де кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

Жетісу облысының газдандыру көрсеткіші - 67 пайыз. Биыл 84 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 16 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысындағы 110 ауыл көгілдір отын тұтынады. Аймақты газдандырудың кешенді жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін тағы жүз ауылға табиғи газ тартылып, өркениет игілігін пайдаланатын елді мекендер саны 210-ға жеткізілуі тиіс. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz