RU
Толық нұсқаға өту

Бірінші тоқсанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы

14.04.2026, 14:50 80

Ірі сауда орындарында азық-түлік құнын негізсіз шарықтатып отырған делдалдық схемаларды жою керек. Премьер-министр Үкімет отырысында бағаға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Бұдан басқа тарифтік саясат пен  инфляцияны төмендету шаралары талқыланып, үш айда атқарылған шаруа қорытындыланды.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Биылғы бірінші тоқсанда  ауқымды жұмыс атқарылды деп тоқмейілсуге әлі ерте. Себебі алда мақсат-меже көп. Министрлер кабинетінде бүгін біраз шаруаның бет алысы айтылды. Алдымен баяндама жасағандардың бірі - Өнеркәсіп және құрылыс министрі. Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, құрылыс саласында  қарқын сақталған. Жұмыс көлемі шамамен 1,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артып отыр. Жалпы өңірлердің басым бөлігінде өсу бар. Ал 4 аймақта іс ілгері деп айтуға келмейді. Кенжелеп тұрған өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай мен Жетісу облыстары бар. Энергетика министрі де сөз алды. Ақкенженов ақпарынша, еліміз биыл 76 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру шаралары туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Электр энергиясы тапшылығын азайту шарасы да күн тәртібінен түспеген.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- 3  айдың қорытындысы бойынша мұнай экспорттау 15,3 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 78,5% орындалды. 2026 жылға болжам - 76 млн тонна. Есепті кезеңде 13,6 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда - 84,9%

Жиында Үкімет басшысы бірқатар нарықта монополияға қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды. Олжас Бектенов тарифтік саясат болжамды инфляция көрсеткіштеріне сәйкес келуі тиістігін атады. Ірі көтерме базарларда «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етіп жатқандығын да алға тартты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажеттігін тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Арман Абайұлы, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік Кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз.

Сөзден іске көшетін уақыт келді. Үкімет басшысы бүгін министрлер кабинетін тағы бір ширатып алды. Бірінші тоқсанда атқарылған шаруа аз емес. Десе де білек сыбана кіресетін іс жетерлік. Алғашқысы жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу қажет. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру керек.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz