RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде ескі үйлер жаңғыртудан өтеді

14.04.2026, 13:45 53

Ақтөбеде биыл терможаңғырту бағдарламасымен 17 көпқабатты үй күрделі жөнделеді. Кешенді жаңғырту аясында шатыры мен жертөлесі, инженерлік желілері жаңартылады. 

Жаңғыртуға бюджеттен бөлінген ақшаны тұрғындар 7 жылда қайтаруы тиіс. Одан бөлек, ескі жеделсатыларды ауыстыру жоспары бар.

Қаланың орталығындағы мына 5 қабатты үйдің төбесінен жылда су кетеді.  Еріген қар мен жаңбыр суы сорғалап, тұрғындарды титықтатты. Шатыр 60 жылдан бері жөндеу көрмеген. Шұрық-тесігі шыққан жабынды жұрт жамап әлек болатын. Сондықтан олар терможаңғырту бағдарламасына өтінім берген.

Алпыс Бустурин, ПИК төрағасы:

- Бұл үйлерді өткізуге біздер 2023 жылдан бастап тұрғын үй инспекциясымен бірге жиналыс ашып, халықтан хаттама жинап, осы тұрғындардың келісімі бойынша өткіздік. Барлығы 65-66 жылдары салынған үйлер. Үйлердің тозығы жеткен.

Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына қаңтар айында кірісті. Шатырымен қатар жертөледегі жылу жүйесі мен электр желісі, су құбырлары жаңартылды. Жоспарға сай жұмыстар мамыр айының соңында толықтай аяқтауы тиіс.

Медет Дүзім, мердігер мекеме өкілі:

- Қазіргі таңда жылу жүйесі дайын. Ыстық су, мұздай су, төбесін болдық. Ішкі жұмыстар жасалып жатыр. Сыртының шовын жасаймыз түгел.

Терможаңғырту бағдарламасы аясында қалада  биыл 17 көпқабатты үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 1 млрд 748 млн теңге қаржы бөлінді. 5 үйде жұмыстар аяқталды. Жергілікті билік өкілдері Кеңес заманында салынған ескі үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасатынын айтты.

Ақнұр Қазбаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

- Бізде бес жобалық-сметалық құжаттама бар. Қазіргі таңда олар облыстық және республикалық бюджетке тапсыруға дайындалып жатыр. Және әлі де құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар 40 лифтіні ауыстыру туралы қазір жобалар дайын болды. Экспертизадан бүгін шығып жатыр. Соның да құжаттарын дайындап республикалық бюджетке тапсырамыз. Сонымен қатар облыстық бюджетке де кіреміз. Қаржы қарастырылған жағдайда бұл жұмыстарды осы жылы жасайтын боламыз.

Қалада 2 мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның 318-і - ескі баспана. Оларды алдағы уақытта кезең-кезеңмен жаңғырту жоспары бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz