RU
Толық нұсқаға өту

Базарлардағы «ұйымдасқан топтарға» тосқауыл қойылады

14.04.2026, 19:00 39

Базарда «ұйымдасқан топтар» отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов азық-түлік бағасын негізсіз өсіретіндерді тексеруді тапсырды.

Үкімет басшысы ірі сауда орындарында тауар құнын шарықтатып қойған делдалдық схемаларды шұғыл жоюға пәрмен берді. Тарифтік саясат пен инфляцияны төмендету шаралары да кезек күттірмейтін мәселе. Бүгін Үкімет бірінші тоқсанды қорытындылап, алдағы міндеттерді пысықтады. 

Үкіметте бірінші тоқсанда  ауқымды жұмыс атқарылды. Бірақ тоқмейілсуге әлі ерте. Себебі алда мақсат-меже көп. Министрлер кабинетінде бүгін біраз шаруаның бет алысы айтылды. Алдымен баяндама жасағандардың бірі Өнеркәсіп және құрылыс министрі. Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, құрылыс саласында  қарқын сақталған. Жұмыс көлемі шамамен 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артып отыр. Жалпы өңірлердің басым бөлігінде өсу бар. Ал 4 аймақта іс ілгері деп айтуға келмейді. Кенжелеп тұрған өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай мен Жетісу облыстары бар. Энергетика министрі де сөз алды. Ақкенженов ақпарынша, Еліміз биыл 76 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру шаралары туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Электр энергиясы тапшылығын азайту шарасы да күн тәртібінен түспеген.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- 3  айдың қорытындысы бойынша – мұнай экспорттау 15,3   млн  тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 78,5% орындалды.  2026 жылға болжам – 76 млн тонна. Есепті кезеңде 13,6 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,9%.

Сыртқы саудада да оң үрдіс сақталған. Жылдың алғашқы екі айында тауар айналымы $21,7 млрд-қа жеткен. Ел экономикасына 3,5 трлн теңге инвестиция салынды. Қарқынды арттырамыз деп сендірді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Инвестициялардың жоғары өсімі Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Бұл ретте Қостанай, Жетісу, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында айтарлықтай төмендеу байқалады.

Базардағы бағаның жағдайы да елеусіз қалмады. Азық-түлік құнын қарыштатып отырғандарға енді тексеріс жүргізіледі. Ірі сауда орталықтарындағы «ұйымдасқан топтарға» тосқауыл қойылмақ. Үкімет басшысы суда министрлігіне шұғыл білек сыбана кірісуге пәрмен берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Арман Абайұлы, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз.

Сөзден іске көшетін уақыт келді. Үкімет басшысы бүгін министрлер кабинетін тағы бір ширатып алды. Бірінші тоқсанда атқарылған шаруа аз емес. Десе де білек сыбана кіресетін іс жетерлік. Алғашқысы жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу қажет, Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру керек.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz