Елде психологқа сұраныс артқан сайын, біліксіз мамандар көбейіп барады. Нарықты заңмен реттейтін кез келді.
Енді білімі жоқ адамдар психолог қызметін көрсете алмайды. Тіпті бірыңғай мемлекеттік жүйе құру ұсынылды. «Психологиялық қызмет туралы» жаңа заңда қандай талаптар қарастырылған? Құжаттың әзірленуін психологтар қалай қабылдады?
Психологиялық көмекті табыс көзіне айналдырғандар көбейді. Әлеуметтік желіні ақтарсаң, «жан дауаңды жеңілдетем» деген жарнамадан көз сүрінеді. Бұл - мықты маркетинг, - дейді елорда тұрғыны Меруерт. Өзі солардың құрығына ілініп, уақытын да, қаржысын да зая кетірген.
Меруерт Раисова, қала тұрғыны:
- Адамды шатастырып жіберді. Ата-анаңмен жұмыс, басқа деген мәселелер менің ата-анаммен деген қарым-қатынасымды жақсартудың орнына нашарлатып жіберді. Адамның ішкі болуына әсер ететіндей ол кісілер жарнамалар жасайды. Соны тыңдап курсын сатып алдым 400-500 мыңдай болады.
Иә, бүгінде әлеуметтік желіде сандаған адам өзін психологпын деп таныстырып жүр. Жарнамасын таратады, кеңсесіне шақырады. Оның біліктілігін аңдып жатқан ешім жоқ. Ешбір ресми статистика жүргізілмейді.
Меруерт Раисова, қала тұрғыны:
- Негізі онымен ойнауға болмайды. Өйткені білмейсің ғой, ол кісі сені қай бағытқа бағдарлап жібереді. Басқа бағытқа бағдарлап жіберсе мүмкін ол адам депрессияға түсіп кете ме? Бір қадағалау болу керек.
Ал Бибігүл Әшекова біліксіз психологтан жапа шегіп, жан күйзелісіне көмек іздеген адамдарды қабылдайды. 20 жылдан аса тәжірибесінде тіпті бірнеше миллион теңгесін сарп еткен тұрғындарды кезіктірген. Психология - тұтас ғылым. Білікті психологтың емдеу әдістері кең, дайындығы жан-жақты болу керек деп есептейді.
Бибігүл Ашекова, тәжірибелі психолог:
- Интернеттен бір психологты тауып алдық дейді. Басымды ашты дейді. Көп нәрсені айтып жылап отырған кезде бір уақытта 1 млн теңге берсеңіз әрі қарай жалғастырамын, күшті қылып шығарып беремін деп едім алды да кетіп қалды деп айтады. Одан кейін ол маған келді. Бұл кәсіби емес.
Депутаттар саланы құқықтық реттеу қажет аса маңызды, - дейді. Жаңа заң ұлт саулығы, қоғам қауіпсіздігі үшін де өзекті. Құжат екінші оқылымға әзірленіп жатыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Яғни енді психолог емес азаматтар өзін психологпын деп айтып, психологиялық көмекті көрсете алмайды. Бастысы - осы. Күйзелістегі азаматтармен жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Егер олай істейтін болса, заңда нақты жауапкершілік бар. Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексте жаңа норма бұл мәселе бойынша қарастырылып жатыр.
Елімізде психологиялық қызметпен нақты кім айналыса алатыны алғаш рет заңмен айқындалады. Нарықта қызмет көрсететін барлық психологтар мемлекеттік тізілімге тіркеуге алынады. Кәсіби біліктілік пен біліміне қойылатын талаптар бекітіледі. Психолог кәсіби құпияны қорғауға, этикалық нормаларды сақтауға міндеттеліп, манипуляциялық әдістерді қолдануына тыйым салынады. Заңнан аттағандар жаза арқалайды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Психологтар #Заң мен тәртіп #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz