Қостанай облысында бұралқы иттер арасында бруцеллез өршіп тұр. Былтыр өңірде 100 шақты иттен жұқпалы індет анықталған.
Егер бақылау шаралары күшейтілмесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Қостанайлық ветеринарлар осылай деп дабыл қағып отыр.
Иттердің бруцеллезге шалдығуы әсіресе ауылды жерлерде жиілеп барады. Оның негізгі себебі - иесіз иттердің далада қалған мал өлексесін қорек етуі. Былтыр Әулиекөл ауданында біраз мал басы бруцеллезге ілікті. Жануарларды жаппай тексеру нәтижесінде 80 иттен жұқпалы дерт анықталған. Бұл - аурудың адамдардың арасында таралуына бірден-бір себеп, - дейді мамандар
Талғат Шамшадин, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл иттерден адамдарға да жұғуы мүмкін. Былай алатын болсақ, 2025 жылы бізде облыс бойынша 35 адамның бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Үй жануары болған соң тамақ берген кезде балалар сипайды, үлкендер де соның бір себебі болып келеді.
Бұралқы иттердің адамдарға шабуыл жасауы да күрт өскен. Былтыр 3 мыңға жуық адамды ит тістеген. Ал биыл үш айдың ішінде жарақат алғандар 600-ге жетті.
Гүлім Досымова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жануарлардан зардап шеккендер саны 39 пайызға көп. Олардың арасында құтырма дерті белең алып барады. Мысалы, былтыр 3 адам қауіпті індетпен ауыратын жануарлардың шабуылына ұшыраса, биыл 67 адам құтырмасы бар ит-мысықтың тісіне іліккен.
Қазақстанда 2022 жылдан бері ит-мысықты атуға, дәрі-дәрмекпен жансыздандыруға тыйым салынған. Қаңғыбас иттерге қарсы шара ретінде тек аулап, уақытша ұстау, залалсыздандыру қаралған. Сосын босатып жібереді. Бірақ бұдан бұралқы иттердің саны көбеймесе, азайған жоқ, - дейді мамандар.
Талғат Шамшадин, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Ұстау, стирилдеу, чиптеу бұралқы қаңғыбас иттерді 15 күн бойы ұстауға біз облыс бойынша жыл сайы, 150 миллиондай қаражат бөлеміз. Үш жыл бойы осы жұмысты атқарып келгенмен, тиімділігі аз болып тұр, сондықтан эфтаназияны қабылдау деген дұрыс деп ойлаймын.
Иесіз жануарларды ату керек пе, әлде асырау керек пе. Осы мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге жарылды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға еңгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, агерессивті немесе ауру иттердің иесі табылмаса, олар жойылуы тиіс. Ұсынылған норма бойынша жансыздандыру эвтаназия, яғни арнайы дәрімен ұйықтату арқылы іске асырылады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қостанай #бұралқы иттерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz