RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда балалар ғылыми музейі ашылады

14.04.2026, 22:00 37

Алматыда жазда балалар ғылыми музейі ашылады. Жоба Сингапур ғылыми орталығымен бірлесе жүзеге асып, ұлттық ерекшелікке сай бейімделеді.

Онда интерактивті зертханалар, галереялар ашылып, ғылым, технология, инженерия, математика мен жасанды интеллектке арналған тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Сингапурда өткен кездесуде қос тарап дайындық барысын талқылады.

Алматыдағы балалар ғылыми музейі Орталық Азиядағы балаларға арналған алғашқы заманауи ғылыми кеңістік болмақ. Онда галереялар мен зертханалар ашылады. Сондай-ақ ойын алаңдары бар KidsSTOP аймағы мен «Жібек жолындағы ғылым», «Ғарыш кеңістігі» секілді тақырыптық бөлімдер жұмыс істейді. Жас келушілер түрлі технологиялармен танысып, практикалық сабақтарға қатыса алады.

Майра Тұрғанова, жоба жетекшісі:

- Музейдегі ең ерекше экспозиция – «Жібек жолындағы ғылым». Ол жерде көшпелі кезеңдегі қазақ халқының ғылыми жетістіктері мен қазіргі қолданысы таныстырылады. Әрбір құбылыстың ғылыми негізі түсіндіріледі. Ал экология бөлігінде мәселен Арал теңізінің тартылу себептері, оны қалпына келтіру жолдары және Алматы тауларындағы сел үдерістері туралы мәлімет беріледі.

Асқар Құттықадам, Қазақстан Республикасының Сингапур, Австралия және Жаңа Зеландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл қос тарап үшін де маңызды жоба. Бастама президент жариялаған жасанды интеллект пен цифрлық даму жылы аясында жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл тәжірибе жалғасып, еліміздің өзге өңірлерінде де осындай орталықтар ашылады деп сенеміз.

Бүгінде музей қызметкерлері Сингапурдың ғылыми орталығында кәсіби даярлықтан өтіп жатыр. Мамандар халықаралық жұмыс стандарттарын, соның ішінде білім беру және техникалық үдерістерді меңгеруде.

Эндрю Тан, Сингапур Ғылыми орталығының бас директоры:

- Қазақстандағы алғашқы жобамызды жүзеге асыра отырып, елдің мәдени ерекшелігін барынша көрсетуге тырыстық. Бұл иммерсивті, интерактивті әрі танымдық кеңістік болады. Жоба біз үшін де, Қазақстан үшін де халықаралық серіктестікті басқарудың үлгілі моделіне айналады деп сенемін.

Сингапурдың ғылыми орталығы – әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру ұйымдарының бірі. Орталық 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Жыл сайын шамамен 1,5 миллион келушіні қабылдайды.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz