RU
Толық нұсқаға өту

Атырауда «Заң мен тәртіп» қағидасы талқыланды

15.04.2026, 18:10 78

Атырауда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Азаматтық тәрбие, құқықтық мәдениет, жастардың әлеуметтік жауапкершілігі» атты кеңес өтті.  

Оған оқушылар мен студенттер, мемлекеттік орган өкілдері және жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Облыстық прокуратура ұйымдастырған шара жастар арасындағы құқық бұзушылық пен басқа да келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталды.

Былтыр облыста балалар мен жастарға қатысты 130-дан астам құқықбұзушылық тіркелді. Ал биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендеген. «Заң мен тәртіп» қағидатын жас буынның санасына сіңіруге арналған шара мектептер мен жоғарғы оқу орындарында жыл бойы жалғасады», - деді өңір прокуроры.

Мадияр Басшыбаев, облыс прокуроры:

- Біз мектептерде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында үлкен жоспарлы жобаны жүзеге асыра бастадық. «Бес минуттық құндылық» дейміз. Яғни біз мектепте әр күн сайын сабақтың алдында 5 минутқа дейін уақыт тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Мысалы, айтып кетейін, бір аптаға тиісті бір тақырыпты пайдаланамыз. Бүгінгі кездесуіміз – осы біздің тәрбиеге байланысты жұмысымыздың екінші деңгейі.

Жас буын бойына «заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың атқарар ролі ерекше. Солардың бірі – «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі. Ұйым балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазір «жасқырандықтар» қатарына 60-тан астам жас мүше. Олар 4 бағыт бойынша жұмыс атқарады.

Әнуар Батаев, «Дала қырандары» ЖҚБ төрағасы:

- 16 жастан жоғары жастар қабылданады. Оған жастар белсенді өздері қызғушылық танытып, достары арқылы немесе, біздің әлеуметтік желіміз бар. Біз күнделікті үздіксіз олармен кездесіп, 10 баладан бөліп, олардың көшбасшысын тағайындап, өздерінің көшбасшылық қабілеттерін ашу үшін жүйелі жұмыстар жасап жатырмыз.

Жиын барысында жастар мен мемлекеттік орган өкілдері өзара пікір алмасты. Сонымен қатар белсенді жастар мен өнер, білім және спорт саласында жетістікке жеткен жастар марапатталды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz