RU
Толық нұсқаға өту

Жас ғалымдар баспаналы болды

15.04.2026, 20:16 40

Жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысу үшін қолайлы жағдай жасалу қажет. 

Өйткені қазақ ғылымының болашағы көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Президенттің бұл сөзі іс жүзінде дәлелденіп, бірқатар маман баспаналы болды. 

Баспана алып, басты мақсаты орындалғанның бірі Эльмира. Ол 15 жылдан бері табан аудармай ғылымда жүр. Талабы тағам өнімдерінің технологиясын жасау. Адам денсаулығы үшін алдыңғы орындағы мәселе. Алайда жеке мәселесі енді шешілді. Үйлі-күйлі болып, көңілі орнына түсті.

Эльмира Базылханова, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ қауымдастырылған профессорының міндетін атқарушы:

- Кеше ғана үйдің қабырғасын көріп кетіп едік, бүгін келсек, бәрі жабдықтандырылған жаңа, тегін пәтер алып отырмыз. Бұл үлкен қолдау деп сенемін. Сондай-ақ әрі қарай жоғары биік белестерді алуға шабыттандырады.

Әлішердің де шері тарқап, түйткілі шешілді. Әйелі, үш баласымен екі бөлмелі пәтерге кірді. Ол мұны 8 жыл еңбек өтілінің өтеуі деп біледі.

Әлішер Мүтәлі, Ядролық физика институты Астана филиалының аға ғылыми қызметкері:

- Екі бөлмелі үйге кірдік. Пәтерді тұрмыстық қажетті техникамен тіпті жиһазбен қамтамасыз етіп берді. Бұл біз үшін үлкен көмек деп білемін. Бұл біздің уақытымызды, қаржымызды үнемдейді.

Ал зығыр дақылынан талшық алатын Рахияның зығырданы қайнамаса да зауқы бола бермейтін. Өйткені, үйсіз адам күйсіз адам. Енді бәрі ертегі сияқты. Жиһазға толы су жаңа пәтерлі болды.

Рахия Елназарқызы, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ жас ғалымдар кеңесінің төрайымы:

- Әр ғалым үшін баспаналы болу тұрақтылықтың, сенімділіктің белгісі. Өйткені басыңда баспанаң болса, әрі қарай да ғылым саласында дами бересің. Республикада ізіңді қалдыратындай нәтиже деп ойлаймын. Мемлекет басшысына алғыс жас ғалымдарды қолдауы үшін. Әр жас ғалым қолдауды сезіну арқылы жетістіктерін паш етеді деп ойлаймын.

Ғылымды қолдау болашақты қолдау. Сондықтан ғалымның санасын тұрмыс билемеуі тиіс. Ал жас ғалымдар ұлттық шамшырағы. Қазіргі таңда оларға 600-ден астам баспана берілді.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мейірбек Беспаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz