Бейсембаевтар жанұясы 4 бала тәрбиелеп отыр. Оның біреуінің мүгедектігі бар.
Бұған дейін ата-анасымен тұрып келген жас отбасы енді бөлек шығады. Олар «Отбасы банк» арқылы Петропавлдан үш бөлмелі пәтер алды.
Айгүл Бейсембаева, қала тұрғыны:
- Ипотека арзан. Екі пайызбен ғана. Біз осы үйді 15 млн. теңгеге алдық. Ай сайынғы төлемі 90 мың теңге. «Отбасы банк» – өте жақсы банк. Біз осы банкке ризамыз. Бағдарламалары көп. Сонымен қатар жас отбасыларға көмектеседі.
Пәтер кілттерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Отбасы банк» АҚ-ның төрағасы Ләззат Ибрагимова табыстады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Ал алғашқы жарна бар болғаны 10 пайыз.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін осындай тамаша күні осындай үлкен ғимараттың жанында 72 пәтерге кілт бердік. Қоныстары құтты болсын! Біздің кезекте тұрған азаматтар, отбасылар бүгін кілттерін алды. Бүкіл салымшыларға депозиттерін ашып, кезекке тұруға, бүкіл құжаттарды тапсырып, мынадай конкурсқа барып, өтіңіздер деп шақырып жатырмыз.
Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және 1, 2 топтағы мүгедек адамдар бар. Жалпы өңірде биыл тұрғын үй кезегінде тұрған 665 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #әлеуметтік баспана #Отбасы банк #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz