Бір басы Арқа, бір басы Жетісуға сұғынып жатқан Балқашқа да барар жұрт көбейді. Көкше теңіздің жағасындағы Тораңғылық және Шұбартүбек туристік елді мекендерінде жазда халық қарақұрым.
Осы екі аулды биыл ауызсу мәселесі шешімін тапты. Демалыс аймағына орталық су құбыры тартылып жатыр. Көкше теңіздің жағасындағы Балқаш қаласын туристік орталық ретінде дамыту үшін, тағы бірнеше жоба жүзеге асады. Алдымен коммуналдық және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Одан бөлек, үш үлкен қонақ үй кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Балқашқа былтыр 182 мың турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Көкше көлдің құшағы кең болғанымен, туристерді қарсы алатын демалыс орындары аз болып тұр. Тіпті келушілер орын таппай қиналып жатады. Сондықтан жағалауға жаңа демалыс орындарын салып, инфрақұрылымын жақсартуға күш салынып жатыр.
Балқашқа баратын жол жақсарғалы турист саны артқан. «Былтырғы маусымда келушілердің көбі демалыс орындарына сыймай қалды», - дейді кәсіпкер Александр Кулинич. Ол Шұбартүбек демалыс аймағында 120 орындық қонақ үй кешенін салған. Жазда пайдалануға береді.
Александр Кулинич, кәсіпкер:
- Құрылысты өз қаражатымызбен бастап, кейін пайызы төмен несие алдық. Туристік бағыттағы жоба ретінде мемлекет тарапынан субсидя алып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Бұған қоса инфрақұрылым да жақсарып келеді. Жол қазір тақтайдай, орталық су құбыры тартылып жатыр.
Балқаш қаласынан Тораңғылық және Шұбартүбек туристік елдімекендеріне орталық су құбыры тартылып жатыр. Жоба құны - 6 миллиард теңге. Оның 2 миллиардқа жуығы бөлінген.
Жасұлан Зейнетов, құрылыс учаскесінің шебері:
- Балқаш қаласынан мына Тораңғылыққа су тартып жатырмыз. Ұзындығы - 29 шақырым. Бұл жоба үш жылға қарастырылған. Бірінші Тораңғылыққа жеткіземіз, сосын Шұбартүбекке қарастырамыз.
Қазір көл жағалауында 100-ге жуық демалыс орыны бар. Олар бір мезетте 25 мың адамға қызмет көрсете алады. «Алайда бұл жеткіліксіз, жылдан-жылға турист көбейіп келеді», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Руслан Сыздықов, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары:
- Қаламызға туристердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе, үш есе келеді деген өзіміздің пайымдауымыз бар. Соған байланысты біз нақтылы, тиісті дайындалудамыз. Былтырғы жылы бізде 4 жеке кәсіпкердің есебінен демалу үйі салынған болатын. Биылғы жылы үш демалыс үйі жоспарда тұр.
Қала әуежайындағы күрделі жөндеу жұмыстары былтыр желтоқсан айында толық аяқталып, жолаушыларды қабылдау мүмкіндігі артты. 1 маусымнан бастап «Балқаш-Астана» және «Балқаш-Алматы» бағыттары бойынша әуе рейстері ашылады. Сонымен қатар теміржол вокзалында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша шомылу маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #Таңдаулы #Балқаш #турист #ауызсу #құбыр #суPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz