RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында қоқыс өңдеу зауытының құрылысы басталды

16.04.2026, 17:50 28

Алматы облысының Қарасай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысы басталды.

Уақыт капсуласын салтанатты түрде қою рәсіміне өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев қатысып, Алатау баурайындағы алып шаһардың іргесінен қоқыс өңдеу зауытының салынуы аса маңызды қадам екенін айтты. Себебі бұл салада заманауи кластер құруға арналған ауқымды экологиялық жоба болмақ. 

Әйтей ауылының іргесінен салынатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысын «KAZ Waste Conversion» ЖШС «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жүзеге асырады. Ол қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Жобаның жалпы құны 15,5 млрд теңге. Кәсіпорында жылына 450 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық өңделеді.

Мақсат Қиқымов, «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы:

- Ең маңызды зауытты полигонның қасынан салу. Біріншіден, қоқыс полигонға емес, осы зауыттың өңдеуінен өтеді. Әрі қарай полигонға кетеді. Ең бірінші маңызды пластик жағынан. Жылына 3,5 мыңнан астам тонна өңдеу жасаймыз. Әрине металы бар, әртүрлі заманауи РДФ-бензині дейді ғой, соны осы жерден шығарамыз.

Жаңа зауыттың іске қосылуы арқылы 140-тан астам жергілікті тұрғын  жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ол өз кезегінде қатты тұрмыстық қалдықтарды көму көлемін барынша азайтып, баламалы отын өндіруге, «жасыл экономика» қағидаттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Жалпы бұл Алматы облысында 40 жылдан бері істеп жатқан полигон. Енді бұны сұрыптау, өңдеу біз үшін өте маңызды. Күннен күнге қоқыстардың мөлшері артып бара жатыр. Бұл жерде тек қана Алматы облысы емес, жанымызда тұрған Алматы қаласының қоқыстары. Бұл жалпы агломерацияға жақсы септігін тигізеді деген ойдамыз.

Кәсіпорын жыл сайын 14 мың тоннадан астам қайталама шикізатты экономикалық айналымға қайта енгізеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz