Атырау облысы Жылыой ауданында 1200 орындық «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталды. Заманауи білім ордасы жаңа оқу жылында балаларға есігін айқара ашады.
Бұдан бөлек, ауданда тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше әлеуметтік нысан салынған. Спорт және балаларға арналған ойын алаңдары мен Жастар үйі қолданысқа берілді.
Аудан орталығындағы «Атырау» шағын ауданында бой көтерген «Келешек мектебі» толық заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. 52 оқу кабинетінен бөлек, кітапхана, хореография және робототехника кабинеті жұмыс істейді. 260 орынға арналған акт зал да қарастырылған.
Алмабек Абдолов, Жылыой аудандық Білім бөлімінің басшысы:
- Оқушылардың білім алуына жаңа заман талабына сай барлық құрал-жабдықтар жасақталған. Жоғары сынып оқушылары үшін, бастауыш сынып оқушылары үшін спорт залымыз бар. Асханасы бар, екі асхана. Бұл жерде балалардың толық білім алып, тәрбие алуына мүмкіндік жасалған. Мектепте 150 камера орналасқан.
Тұрғындарға арналған демалыс орындарын көбейту мақсатында аудан орталығында әмбебап 11 балалар ойын алаңы салынды. Онда ересектер де, мүгедектігі бар азаматтар да спортпен шұғылдана алады. Бұдан бөлек «Нұрсая» саябағы күрделі жөнделіп, жаңа арбаттың құрылысы жатыр.
Қадыржан Адинов, Құлсары қаласының әкімі:
- Қ. Сыдиықов көшесінде аллея құрылысын бастадық. Қазір жұмыстардың 70 пайызына жақын аяқталып тұр. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстарын маусым айына дейін толықтай аяқтаймыз ба деген жоспарымыз бар. Сәуір айында жастар саябағының құрылысы басталып жатыр. Жастар саябағының құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспармен шілде айына дейін созылады.
Құлсары қаласында Жастар үйі күрделі жөндеуден өтті. Жаңа ғимарат заманауи құралдармен жабдықталған. Мәдени іс-шаралар өткізуге арналған концерт залы да бар. Бұдан бөлек аудан орталығында жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Онда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Атырау #мектеп #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz