RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Sensata city тұрғын үй кешенінің тұрғындары дауласып жатыр

16.04.2026, 22:20 46

Алматыда Sensata city тұрғын үй кешенінің тұрғындары екіге бөлініп дауласып жатыр. Тіпті сотқа дейін арыз түсірген.

Адамдардың бір тобы «Sensata Group компаниясы уәде еткен автотұрақтың орнына көше түсейін деп жатыр. Бізге соны ескертпеді. Сонымен қатар жаңадан тағайындалған мүлік иелері бірлестігінің төрағасына қарсымыз», - дейді. Ал екінші тарап «тұрғын үй кешенінің жанынан көше түсетіні әу баста белгілі болған. Қазір автотұрақта орын жеткілікті. Көше ашылғанның өзінде көлік қоятын жер болады. Қазіргі мүлік иелері бірлестігінің жұмысы талапқа сай. Бұл жерде құрылыс салушы компанияның ешқандай кінәсі жоқ», - деп қарсы уәж айтады.

Sensata city тұрғын үй кешенің тұрғындары екі күннің бірінде осылай жиналады. Тіпті кейбірі мұннан пәтер алғандарына өкіне бастаған. Біз баспана алған кезде енді көлік қоятын жер іздеп әуре болмаймыз, деген едік.  Енді  көше түсетін болса, автотұрақтың аумағы кішірейеді, - дейді. Бір тараптың пікірі осындай.  

Ботагөз Талқамбаева, қала тұрғыны: 

- Сендерде паркинг жоқ. Бірақ жерүсті үлкен тұрақ алаңы болады деген. Соған біз алданып пәтер сатып алғанбыз. Болашақта мұнда «Домостройтельная» көшесі салынады деп жатыр. Оны айтқан жоқ кезде білдік. Қазір бізде төраға ауысты. Дәл осы  жер сот процесі болып жатқанда төраға ауысты.

Көршілердің осы айтқанына қалғандары келіспейді. Sensata  group  ешкімге пәтерді алдап сатқан жоқ. Бас кезінен көше түсетіні  белгілі болған. Бұл жерде мәселе автотұрақта емес,  мүлік иелері бірлестігіне қатысты болып отыр. Олар жаңадан тағайындалған төрағаға қарсы,-дейді.  

Жанат Кәрменова, қала тұрғыны:

- Олар екі жаққа да түсетінін білді. Қарсы шығып жатқан тарап та білді. Оның бәрін баяғыдан білгенбіз. Ешқандай да оған шағым жоқ. Өйткені тұрақ жеткілікті. Көліктер сыйып тұр. Бұл жерде мәселе тұраққа да, жерге де қатысты емес. Өздерінің  басқарушы компаниясын әкелді де РСЖ-ның бағасын қымбаттатты. Сол үшін өзіміздің басқарушы компания отыру керек деп халықты айырып, жер-жер деп алдап жатыр. Мәселе осында.

Алматы қаласының әкімдігі бұл жайттан хабардар. Айтуларынша, құрылыс компаниясы үйдің жанынан көше түсетін жақсы біледі. Кешеннің жоспары қызыл сызыққа дейін бекітілген. 

Дәурен Алмасбеков, Наурызбай ауданының сәулетшісі:

- 2014 жылғы нақты жоспарлау жобасы бойынша Ұлықбек көшесі қарастырылған. Көппәтерлі Sensata city  тұрғын үй кешенінің  2021-2023 жылы құрылысы жүрді. Көппәтерлі тұрғын үйдің нобайлық жобасы Ұлықбек көшесінің Қызыл сызығына дейін келісілген. Ұлықбек көшесінің құрылысының мерзімі қазіргі таңда белгісіз.

Даулы жайтқа Sensata service басқарушы компаниясы да  пікір білдірді. Олар келісім-шарттан ауытқыған жоқпыз, дегенді алға тартып отыр.

Евгений Огородов, Sensata Service Басқарушы компаниясы директорының орынбасары:

- Ешқандай қосымша төлем болған жоқ. Барлық тұрғындар мүлікті сатып алу кезінде жасаған келісімшартқа сәйкес жүзеге асырылды. Автотұрақ үшін де, басқа нәрселер үшін де қосымша ақы алынған жоқ. Өз кезегінде құрылыс салушы осы тұрғын үй кешенін жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Қосымша футбол алаңы,  балалар ойын алаңдары салынды және үйдің инженерлік коммуникациясы жақсартылды.

Жақын күндері көршілер сотта кездеседі. Тұрғындардың бір тобы мүлік иелері бірлестігі төрағасының заңды тағайындалғанына күмәнмен қарап, сотқа арызданыпты. Ал екінші жақ бізде барлығы талапқа сай. Қазіргі төраға бәрін дұрыс жасап отыр. Көпшілік соны қолдайды, - дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz