Әлем жүктің негізгі ауқымын су жолдары арқылы тасиды. Біз үшін теміржол маңызды. Кейінгі жылдары сауда жолдарында іркіліс көп. Тариф саясаты, одан кейінгі соғыс сауда тұрмақ, өндірісті де тежей бастады.
Осы орайда Қазақстан үшін логистиканы нығайтудың маңызды арта түседі. 2030 жылға дейін елде 5 мың шақырым теміржол салып, 11 мың шақырымын жөндеу қажет. Мұны Мемлекет басшысы жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтқан еді. Президенттің теміржол саласына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. Себебі батыс пен шығыстың арасындағы алыс-беріс күн санап артып келеді. Ал Қазақстан – осы сауда жолындағы негізгі өткел. Елдегі теміржол инфрақұрылымы қалай жаңғырады?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Шығыс Еуропадағы жағдай ушыққалы Транскаспий көлік дәлізінің салмағы артты. Және Ормуз бұғазындағы дағдарыс та батыс пен шығысты жалғайтын жаңа сауда жолын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Осы орайда Қазақстанның Еуропа мен Қытай арасындағы жалғыз көпірге айналғаны рас. Жақында іске қосылған Ухань-Баку тікелей теміржол бағдары – осы сөзімізге дәлел. Қорғастан кірген пойыз Ақтауға барып, Каспий үстімен Бакуге өтеді. Әрі қарай Еуропа да тиіп тұр. Жүк бұл жолмен 18 күнде діттеген жеріне жетеді. Яғни бұрынғыдан 4 күн ерте барады.
Әрине, транзиттік пойыздар жүрісінің ширауына жаңа жобалардың пайдасы зор. Солардың бірі – былтыр қолданысқа берілген «Достық-Мойынты» теміржолы.
Ләззат Стамғазиева, «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:
- Жалпы жүзеге асып жатқан жобалардың пайдасы, тиімділігі, бізде күндермен, жаңа жүкті тасымалдау күндерімен, сонымен қатар өткізу қабілетінің қалай өзгергендігіне байланысты қараймыз. Енді жақсы мысал ретінде айтайық, былтыр күзде қолданысқа берілген, екінші жолы ашылған «Достық-Мойынты» деген үлкен жобаны аяқтаған болатынбыз. Сол жерде өткізу қабілеті, мәселен, бес есеге дейін артты. Ал бұл орта дәлізге тікелей қатысы бар жоба.
Транскаспий дәлізіндегі тағы бір маңызды бағыт Қытайдың Сиань қаласынан басталады. Бакуге баратын бұл жолмен биыл үш айда 85 жүк пойызы өтті. «Қазақстан теміржолы» компаниясының мәліметіне сүйенсек, былтырғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 2,5 есе көп. Аталған бағдар іске қосылғалы жүк жеткізу мерзімі 20 күннен 11 күнге азайған.
Алдағы уақытта құрлықтар арасы тағы да жақындай түсуге тиіс. Қазір елде «Бақты-Аягөз», «Дарбаза-Мақтарал» жобаларымен қатар, «Қызылжар-Мойынты» болатжолының құрылысы жүріп жатыр.
Данияр Анарбек, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Бұл жоба аясында Транскаспий көлік бағытын 149 шақырымға қысқартады. Және жоба тәулігіне 30 жұп пойыз өткізуге есептелген. Бұл бастама бүкіл ел үшін, сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау облыстары үшін қуатты серпін береді. Жаңа теміржол желісі шамадан тыс жүктелген учаскелердің жүктемесін ғана азайтып, транзиттік тасымалды едәуір арттыратын болып табылады.
Жалпы кейінгі жеті жылда Транскаспий көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 5 есе өсті. Яғни 800 мың тоннадан 4,5 млн тоннаға жетті. Оның ішінде экспорттың да үлесі қомақты. Мәселен, былтыр тасылған жүктің 3 млн тоннаға жуығы экспортқа тиесілі. Ал жоғарыда айтылған құрылыстардың бірқатары биыл аяқталады. Бұл да елдің транзиттік әлеуетін көтеретіні анық.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Санжар Біргебаев және Айдос Амангелдиев
Тегтер #инфрақұрылым #теміржол #сауда #Транскаспийлік көлік дәлізі #Ормуз бұғазы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz