RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да майлы дақылдар алқабы көбейеді

17.04.2026, 09:30 35

Солтүстік Қазақстан облысында бидай алқабы 100 мың гектарға қысқарады. Диқандар бидайдың орнына күнбағыс, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдар егеді. Қазір өңірде ылғал жабу жұмыстары басталды. 

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында қардың көбесі ерте сөгіліп, жер тез қарайды. Күннің жылынуынан топырақтағы ылғал қоры буланып кетуі мүмкін. Сондықтан диқандар қауымы оның бетін жабуға кірісіп кетті. Қазір 100 мың гектар алқап игерілді.

Ерғали Табылдынов, серіктестіктің бас агрономы:

- Тұқым қорымен толық қамтылдық. Элиталық сұрыптар Қазақстан мен Ресейден алынды. Қазір дөңес жерлерде ылғал жабу жұмыстары атқарылып жатыр. Ал орманды және ойпаң аумақтар кейінге қалады. Бұл науқан 70 күн ішінде аяқталады.

Биыл облыс бойынша 4 млн 300 мың гектар жерге дән себіледі. Диқандар егін шаруашылығын әртараптандыру үшін бидай алқаптарын азайтты. Оның орнына майлы дақылдар егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына Үкіметтен 168 млрд теңге қаржылай қолдау қарастырылған. 

Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Өңірде «Кең дала» бағдарламасына өтінім қабылдау былтыр қазан айында басталды. Қазір диқандарға 85 млрд теңге аударылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға төмен пайызбен несие қарастырылған.

Облыс бойынша көктемгі науқанға 25 мыңға жуық техника шығады. Машина-трактор парктері сақадай сай. Сонымен қатар жергілікті агроқұрылымдарға Үкіметтен төмен бағада 60 мың тоннаға жуық жанар-жағармай бөлінді.

Авторлары: Айдарбек Атмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz